Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 13 қаралым

Пәтерлерді бірнеше адамға сатқан

«Қыран», «Қыранда» тұрам дегендерге үй сатқандардың жоспары жылан боп шықты. Елуге тарта отбасы қоныс тойын тойлағалы отырғанда, екінші қожайыны келіп құжаттарын көрсетіпті. Өкініштісі, құрылыс компаниясы мен клиенттердің арасына арамза делдалдар килігіп кетіп, бәрін сан соқтырған. Бір үйді бірнеше адамға сатып, пайдаға кенеліпті.

Қаланың қақ ортасындағы «Қыран» тұрғын үй кешенінен қара басына қарашаңырақ алғандардың көңілі қапалы қазір. Солардың бірі – Руслан Қонарбаев. Қырық миллион теңгеге алған баспанасын алаяқтар тағы бір адамға сатып жіберген. Өкініштісі сол, жайсыз жайтты жігіт ағасы жөндеу жұмыстарын бітіргенде бір-ақ біліпті.

РУСЛАН ҚОНАРБАЕВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Енді көшіп келген кезімде маған белгілі болды: бұл пәтерді бұл компания үшінші тұлғаға сатып жіберіпті. Сол себепті алаяқ түрінде мені алдап, заңсыз түрде бұл үйімді үшінші адамға сатып кетті. Менде ғана емес, бұл үйде жәбірленушілер көп. Енді тосып отырмыз, сот шешімі қалай болатынын.

Сан соғып қалғандардың саны бүгінде елуден асады. Әккілер 25 пәтердің әрқайсысын 2-3 адамның атына рәсімдеп берген. Ал құрылыс компаниясына келтірілген шығын көлемі 4,5 миллиард теңге. Барлық ақшаны күдіктілер қолма-қол немесе тікелей аударым арқылы қабылдапты.

АЙНАГҮЛ БАКИРОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Мен 135 миллион теңгеге үш пәтер сатып алдым. Оның екеуін өзгелерге сатып жіберген. Үшінші пәтер де бірнеше рет қайта сатылған. Ақшаны тапсырған кезде компания директорының өзі және сату бөлімінің менеджері қабылдады. Бірақ фискалдық чек те, кассалық аппарат та болған жоқ. Ақша бухгалтерия арқылы рәсімделмеген. Банктегі есепшотқа қолма-қол ақша салынғанымен, оның нақты кімнен түскені белгісіз.

Ал атышулы іске қатысты 4 адам күдікті деп танылған. Оның екеуі шетел азаматы. Түс ауа басталған сот процесінде тілшілерге тіксінген айыпталушының адвокаттары түсірілім жасауға қарсы болды.

Құрметті сот, біз бұл жерде бір ғана тараптың сөзін сөйлейін деп келіп отырғанымыз жоқ. Біз екі тараптың да сөзін сөйлеуімізге болады. Егер бұл кісілер бізге сұхбат беріп айтамыз десе, біз қарсы емеспіз.

Дегенмен шайпау мінез танытқан адвокаттарды судья сабасына түсірді. Ал сотта жауап берген бұрынғы сату бөлімінің менеджері қаржыны өзі қабылдамағанын айтты. Оның сөзінше, қолма-қол ақшаны алып, банк шотына салуға тек компания директоры ғана өкілетті болған.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Ақпанда басталып, тамызға дейін жалғасқан төртеудің ісі бүгінде тәмамдалмады. Дегенмен, ақ адал ақшасына алған шаңырақтарынан айырылып қаламыз ба деп жүрексінген жұрттың соңғы үміті судьяда. Ал сот басталғаннан сіркесі су көтермеген айыпталушылардың адвокаттары сол күйі сұхбат беруден бас тартты.

← Барлық жаңалықтар