Жыл басынан бері елімізде 212 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлаған. Оның 190-ы жарақат алып, 22 бала мерт болыпты. Оның басты себебі ата-аналардың салғырттығында, дейді полиция қызметкерлері. Мысалы, кеше ғана Астанадағы Орман ықшамауданында орналасқан үйлердің бірінде 4 жасар бала 4-қабаттан құлады. Сәбидің аяқ-қолы сыныпты. Бұл аумақта көбіне көпбалалы отбасылар мен тұрмысы төмен жандар тұрады екен. Осы оқиғадан соң Есіл аудандық ішкі істер бөлімі мен төтенше жағдай басқармасының мамандары бірігіп, халыққа танымдық ақпарат жазылған буклеттер таратты. Сондай-ақ әр пәтерге құны екі мың теңге тұратын қорғаныш құралдарын тегін орнатты.
ӘСЕМ АРИНОВА, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ІШКІ ІСТЕР БӨЛІМІ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:
Ювеналды полиция қызметкерлері тұрақты түрде көпқабатты үй тұрғындарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Балалармен сөйлесеміз, мектептердегі ата-аналар, тұрғындар чатына ұдайы ескерту жасап отырамыз. Аулада кездесу ұйымдастырып, балалардың қауіпсіздігі туралы айтамыз. Сонда да жаз басталғалы қайғылы оқиға азаймай отыр.
АЗАМАТ ОРАЛ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Көптеген ата-аналар жаз басталысымен терезелерін ашық қалдырып кетеді. Блокираторлар бар екенін білмегендіктен, көп оқиғалар болып жатыр. Сол себепті біз әкімдіктің берген блокираторларын тегін орнатып жүрміз.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап елімізде жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Оған сай терезелерінде қорғаныш құралдары жоқ нысан пайдалануға берілмейді.