Қостанайдағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар құзырлы органдардан көмек сұрап, журналистерге мұңын шақты. Айтуларынша, көпқабатты үйдің кіреберісі арбаға таңылған тұрғындарға мүлде ыңғайсыз көрінеді. Қала тұрғыны Азамат Елемісов ипотека арқылы алған баспанасына кіріп-шығудан қалған. Пандусты тым биік етіп салған және жан-жағында ұстайтын, тірейтін ештеңе жоқ дейді. Осы мәселемен бірнеше рет жауапты мекемелерге жүгінгенімен, жоба бойынша бәрі дұрыс деген жауап алған.
АЗАМАТ ЕЛЕМІСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Жалғыз өзім пандуспен көтеріле алмаймын. Төбеден су ағуы әлі тоқтаған жоқ, жаңбыр жауған сайын су тамшылап тұрады. Күз бен қыста бұл жер көктайғаққа айналып, тротуармен жүру қауіпті болады. Қыста тротуарға шығудың өзі мен үшін өте қиын. Бұл үйде арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі бірнеше адам тұрады. Менің білуімше, кемінде үшеуі осында тұрады. Оларға да қиын болады.
Ал жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, «Береке» шағын ауданындағы үйдің кіреберісі жобаға сай салынған. Дегенмен тұрғынның ұсынысы ескеріліп, қауіпсіздік үшін бір жағына қосымша тұтқа орнату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.