Сайлауалды үгіт-насихат орта шеніне жетіп қалды. Мәреге жақындаған сайын, саяси додаға қатысушы партиялар қарап қалмасы анық. Кімнің үні қаттырақ естіледі?! Қай-қайсысы болмасын қарашаның үдесінен шығуға тырысып жатыр. Сол себепті саяси ұйымдардың сенімді өкілдері еліміздің әр қиырын аралап, бағдарламасын бұқараға жіліктеп жеткізуде.
Қайтсек те елдің экологиялық ахуалын жақсартамыз деп жүрген «Байтақ» партиясы бүгін Алатаудың баурайында. Құрылтай депутаттығына үміткерлер «Қазгидромет» мекемесі филиалының ұжымымен кездесті. Алматыда ауа сапасына қатысты мәселе жиі көтеріледі. Сондықтан бірінші кезекте азаматтардың денсаулығын қорғау маңызды. Кандидаттардың сөзінше, ахуалдың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алуға бағытталған жүйелі саясат әлдеқайда тиімді.
АЛМА ҚАРАШ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:
Бүгінде әрбір екінші бала аллергия мен демікпеден зардап шегеді. Онкологиялық дерттер мен қант диабеті де жасарып барады. Алматының ауасы мен экологиялық ахуалы тұрғындардың физикалық денсаулығына ғана емес, психологиялық жай-күйіне де әсер етеді. Бұл мәселелердің бар екенін бәріміз білеміз. Ендігі міндет – оларды мемлекеттік деңгейде нақты әрі жүйелі шешу.
Ал Дания Еспаева бастаған «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін кәсіпкерлердің, әсіресе шағын және орта бизнестің хәл-ахуалы бірінші орында. Кандидаттар бүгін сала өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдады. Алдымен логистикалық компания, одан кейін құрылыс материалдарын шығаратын зауыт ұжымымен өткен жиында бизнесті қолдау тетіктері, несие жүктемесін азайту, ипотекалық несиелеу және логистика саласына қатысты түйткілдер қаузалды. Айта кетейік, Алматы қаласында шағын және орта бизнес субъектілерінде 900 мыңнан астам адам тер төгіп жүр.
ДАНИЯ ЕСПАЕВА, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біздің осы мақсатымыз кәсіпкерлермен кездескенде, олардың көптеген бүгінгі күнде шешілмеген мәселелерін шешу. Бұл тек қана шағын және орта бизнесті қолдау емес. Ең соңында біз халық болып оның пайдасын көреміз.
Ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» өкілдері бүгін көпқабатты үйлерді жаңғырту, ескірген лифттер мәселесін назарға алды. Саяси ұйым өкілдерінің бір тобы Ақтөбеде пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігі басшыларының басын қосып, коммуналдық саладағы қордаланған мәселелерді талқылады. Сондай-ақ Жезқазғанда тұрғын үйлерді абаттандыру жұмыстарын жандандыру, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бойынша азаматтардың ұсыныстарын тыңдаса, Павлодар облысының Аққулы ауданында өткен жиында кибералаяқтықтың алдын алу, жайылым жерлердің тапшылығы, ауызсу мәселесі және жастарды ауылда тұрақтандыру бастамаларын таныстырды.
РОЗА ЖҮСІПОВА, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ауылдардың айналасында қарапайым адамдардың жекеменшік мал жаятын жайылым жерлері қалмаған, көп аудандарда сондай сұрақ көтеріліп жатыр және су мәселесі, жұмыс орындарының мәселелері, жол мәселелері, жастарды ауылға қалай ораламыз, қандай жағдай жасаймыз жастар үшін, сондай сұрақтар көтеріліп жатыр ауылды жерде.
«Ауыл» партиясының өкілдері Қарағанды облысына келіп, аграрлық саланың мәселесіне қанықты. Алдымен астықты терең өңдейтін, бидайдан наубайханалық ұн мен жарма өндіруге маманданған «Ақжайық 2011» өндіріс ошағына бас сұқты. Ұжыммен өткен жиында өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын қолдау сынды мәселелері талқыланды. Мұнан соң Нұра ауданындағы элиталық тұқым өсірумен айналысатын «Шахтерское» қожалығының еңбеккерлерімен жолықты.
ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Осы мекеменің 16 000 гектар жері бар. Бидай, арпа сеуіп жатыр. Ол ұн, құрамажем болсын, бәрін төрт мемлекетке шығарып жатыр. Осы халықпен кездескенде көп ұсыныс айтылады, ең көп ұсыныс бірінші мәселе ол жол мәселесі, су мәселесі, интернет мәселесі.