Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 6 қаралым

Жарты ғасырлық үйлер жаңарып жатыр

Жамбылда жергілікті билік жарты ғасыр бұрын салынған көпқабатты үйлерді жаңғыртып жатыр.

Жамбылда жергілікті билік жарты ғасыр бұрын салынған көпқабатты үйлерді жаңғыртып жатыр. Жөндеу жұмыстары тұрғындардан ақша жиналмай, әкімдік қазынасынан үнемделген қаржы есебінен жүргізілуде. Сүрленген қазыдай қартайып, қабырғасы сөгіле бастаған көпқабатты үйлер қайта ажарланып келеді. Жамбылда жергілікті билік талай қыстың қақаған аязы мен жаздың аптабын көрген ғимараттарды жаңғыртып жатыр. Бұл үшін тұрғындардан бірде-бір тиын жиналмаған. Жауаптылар 30-ға жуық үйді әкімдік қазынасынан үнемделген қаржы есебінен модернизациядан өткізуде. Жаңғырту жобасы аясында үш жылда 3,3 миллиард теңге осы мақсатқа жұмсалған. Биыл аталған бағыт бойынша 9 көппәтерлі тұрғын үй кешенді жөндеуден өтсе, келер жылы тағы 7 нысан жаңартылмақ.

АЛЕКСАНДР ЛЮТВИНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз қазір көп саяхаттап, сапар шегеміз. Демек салыстыруға мүмкіндік бар. Балтық елдеріндегі достарымыз да аталған үйлер бастапқы қалпын сақтап, жаңарып тұрғанын айтады. Мемлекеттің осындай жаңғырту бағдарламасын қолға алғанына қуаныштымыз.

Осылайша, орталықта орналасқан ескі ғимараттарды әкімдік үш жыл ішінде адам танымастай етіп өзгерткен. Қала билігі жаңғырту жобасын одан әрі жалғастырып, шаһардың сәулеттік келбетін біріздендірмек. Айта кетейік, қала бойынша 1499 көпқабатты үйдің үштен бірі әлі де күрделі жөндеуді қажет етеді.

МАҚСАТ РАХЫМБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Панельдер тек қана эстетикалық келбетті жақсартып қана қоймай, жылу оқшаулағыш қасиеттерін жақсартады. Үйдің энергиялық тиімділігін арттырып, қыста жылу болуына септігін тигізетін болады.

← Барлық жаңалықтар