«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты — жастарды қолдаудың жарқын көрінісі. Күні кеше Астанада үш айға созылған сайыстың жеңімпаздары анықталды. Бағы мен бабы келіскен жандарды Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның өзі марапаттады.
Есілдің жағасы, Астана қаласы, ашық аспан астында жиналған қазақтың баласы. Жастар күніне арналған іс-шараның ауқымы кең. Өйткені еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңға жуық белсенді жас бас қосты. Жиынға Аида Балаеваның өзі арнайы қатысып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлерін құттықтады.
СЫМБАТ ШӘРІПОВА, «ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ» ГРАНТЫНЫҢ ИЕГЕРІ:
Өте қуаныштымын осы гранттың иегері атанғаныма. Бұл үлкен мүмкіндік деп білемін. Көптеген адамның ішінен тек 30 адам жеңді, соның қатарында болғаныма бақытты сезініп тұрмын өзімді.
Екі мыңнан астам үміткердің арасынан оза шапқан отыз қатысушы құрметке бөленді. IT саласында алдына қара салмаған, ғылыми жобасын ел игілігіне арнаған, бизнес жоспарын түгесіп талдаған жандар ғана жүзден жүйрік атанды. Ал әр грант иегеріне өз жобасын жүзеге асыру үшін 3 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіледі.
ҚАЙРАТ ҚАМБАРОВ, ҚР МАМ ЖАСТАР ЖӘНЕ ОТБАСЫ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге аса бастаған болатын. 21 жылдан бері қазіргі таңға дейін 153 біздің жастарымыз сол грант иегері болды. Жалпы біздің ұстанымымыз — жастардың қолына қармақ беру. Демек, «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген қандай да бір жасымыздың стартап, бір жобасы болса, жақсы, оған толыққанды 3 миллион жетпеуі мүмкін. Бірақ бастапқы көмек ретінде ол қаражат жақсы бір көмек береді деген үміттеміз.
Халықаралық жастар күні 1998 жылы мереке болып бекіген айтулы дата. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Президент бүгінгі буынға деген ыстық ықыласын білдіріп, жастарды ел дамуының негізгі қозғаушы күші әрі тың идеялардың бастауы екенін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан беделі жоғары мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу кезеңіне қадам басты. Еліміз жаппай цифрландыру ісін қарқынды жүргізіп, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға белсенді енгізіп жатыр. Түптеп келгенде, біздің мақсатымыз — экономикасы қуатты, Заң мен Тәртіп үстемдік ететін, Әділетті, Озық, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру. Жаңашылдыққа ұмтылған, игі бастамалардың бел ортасында жүрген жалынды жастар кез келген белесті бағындыра алады. Мен бұған кәміл сенемін! Баршаңызға табыс тілеймін! Жолдарыңыз ашық болсын! Қастерлі Отанымыз — Қазақстан көркейе берсін.
Мерекелік кеште жетістікке жеткен түрлі саланың сайыпқырандары тәжірибелерімен бөлісті. Мұндағы басты мақсат жастар арасында шығармашылықты дамытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау дейді ұйымдастырушылар.