Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Қола дәуірінің тұрғын үйі табылды

Солтүстік Қазақстан облысының Имантау жерінде жүргізілген халықаралық археологиялық экспедиция қола дәуіріне тиесілі ірі қоныстың құпиясын ашып жатыр. Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер ежелгі тұрғындардың қарапайым ғана қауым емес, күрделі шаруашылыққа негізделген тұрақты қоныс қалыптастырғанын көрсетеді. Қазақстан мен Қытай ғалымдарының бірлескен зерттеуі бір ай бойы жүргізілді. Археологтар 324 шаршы метр аумақта қазба жұмыстарын аяқтады. Қола дәуіріне тиесілі қыш ыдыстардың бөліктері, тас құралдар мен жануар сүйектері табылуда. Сонымен қатар археологтар үшін ерекше маңызға ие жәдігерлер: сүйектен жасалған жапсырмалар, жебе ұштары, қоладан жасалған біз, ине және металл өңдеуге пайдаланылған кен қалдықтары бар.

БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Осындай халықаралық жобалардың маңызы зор. Әсіресе қытайлық мамандардың технологиялық және зертханалық мүмкіндіктері жоғары. Олардың зертханалары топырақтың, күлдің, табылған заттардың, сүйектер мен металдардың құрамын, жасын анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай бірлескен жобалардың ғылым үшін маңызы ерекше.

Табылған жәдігерлер ежелгі тұрғындардың металл өңдеумен айналысып, күрделі шаруашылық жүргізгенін аңғартады. Қытайлық мамандардың айтуынша, экспедицияның алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік.

ЧЖАН СЯОЛЭЙ, ҚЫТАЙ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

ҚР Ұлттық музейінің шақырғанына алғыс айтамыз. Біз бес жылға келісімшартқа отырдық. Мақсатымыз – қола дәуірінің қонысын зерттеу. Қазба жұмыстары барысында көптеген артефакт табамыз деген үміттеміз. Бұл жерден жылқы мен мал сүйектері көп табылды. Яғни төрт түлікті ұстау қалыптасқанын көруге болады. Біз Еуразия даласында қола дәуірі мәдениеті басталған кезеңді зерттеу үшін келдік. Табиғаты да өте әдемі, таулармен қоршалған. Осы жерде зерттеу жұмыстарын бастау біз үшін өте маңызды.

Гүлмира Сәулебекова

← Барлық жаңалықтар