Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 24 қаралым

Мәселенің жуық арада шешілгенін қалайды

Түркістан облысына қарасты Қақпақ ауылындағы тұрғындардың бөркін аспанға атып қуанар күні жақын. Ел-жұрттың үнін естіген өңірдегі атқарушы орган бірқатар мәселені жуық арада шешіп береміз деп уәде етіп отыр. Оның ішінде елді мекенде 275 метрден жер асты су қорына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, ұңғыма қазылыпты. Қазан айының соңында ел игілігіне берілмек. Жолдың жыры да бітеді деп сендірді.

Қазығұрт ауданындағы Қақпақ ауылының ішіндегі жолға асфальт 3 жыл бұрын төселіпті. Алайда белгісіз себептермен елді мекендегі бірнеше көше жөнделмей, сол күйінде қалып кеткен. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға оңай болмай отыр. Үнімізді әкімдік естіді, енді жақын арада мәселеміз шешілсе деп отыр.

РАХИЯ СЕЙІТБЕКОВА, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шығады да тасқа тіреліп, қирап қалады. Бұның запчастісі біріне бірі келмейді. Бір бұзылған колясканы осылай жинап тастай саламыз. Жарамсыз болады. Ал өкіметтен 7 жылда біреу-ақ аламын. Там артына барсам, жаным ауырады, жүрегім емес, колясканы көріп.

ПӘРІМБЕК СЕЙІТБЕКОВ, 1-ШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:

Қиыншылық болғанда сынады. Балдар әкеп тастайды. Лай-балшықта жүрем, шыдай алмаймын. Жол керек. Арманым сол.

Ауылдағы ауызсу мәселесі де жергілікті биліктің назарында тұр. Елді мекенде 275 метрден жер асты су қорына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, ұңғыма қазылыпты. Енді оны ауызсу құбырына жалғап, қазан айының соңында аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Соған дейін тұрғындардың шыдай тұруына тура келеді.

НЕСІБЕЛІ ТАҢСЫҚБАЕВА, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қай уақытта келеді деп суды аңдып отырамыз. Келген кезде ыдыстың бәрін толтырамыз. Кей кезде 2 күнде, 3 күнде келеді. Сол кезде сусыз қалмайық деп ыдысты толтырамыз.

Сумен бірге газ да келсе екен дейді халық. Ал жолдың мәселесі бойынша жауапты мердігерді сотқа беріпті. Десе де бұған қарамастан, Қақпақ ауылына тиесілі мәселелерді шешіп береміз деп отыр.

НҰРБОЛ БАЙҚҰЛОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аталған жолдарды «Тәуекел груп» ЖШС ұтып алған. 138 млн теңгеге келісімшарт жасалып, 25-тен 26-ға өтпелі болып түзілген. Қазіргі таңда мердігерді сотқа бердік, келісімшарт бойынша мерзімінде бітіру үшін Түркістан облыстық экономикалық сотына талап-арыз беріп қойғанбыз.

Осы айтылғанның бәрі орындалса, ешкім ауылдан көшпес еді, дейді тұрғындар. Ал білдей телеарналардың алдында уәде берген жергілікті атқарушы билік өкілдерінің уәдесі сөз күйінде қалмайтынына сенім білдірдік.

← Барлық жаңалықтар