Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 24 қаралым

Аулада ойнап жүрген баланы тоқ соқты

Аулада асыр сап ойнап жүрген бала аяқ астынан жансақтау бөліміне түсті. Жеткіншек көпқабатты үйдің аумағы арқылы өтіп жатқан электр кабельдерін байқамай қалған. Тоқ соққан баланың жан даусын сол маңдағылардың бәрі естіп, әлі естерін жия алмай жүр. Қазір жағдайы ауыр екен.

Түс ауа тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызған дәл осы токтың дауысы болатын. Барлығы үйлерін тастап, тысқа атып шыққан. Сөйтсе, жалғанған кабельдер сыр беріп, ұшқыны жарқ еткен сәтте екі бірдей жасөспірім қызықтап жанына барыпты. Ал екінші мәрте жарқылдағанда алты жасар жасөспірім күйіп қалған.

АҚЕРКЕ СӘНДІБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Терезе ашық болғандықтан, тарсылдаған дауыстар естідім. Үйім жап-жарық болып кетті. Ең бірінші ойладым, осы өзімнің асханамда бірнәрсе болып жатыр ма деп. Бір баланың айқайлаған жан дауысы шықты. Кәдімгідей қатты дауысы шықты. Терезеден қарап қалсам, бір баланы ток ұрыпты.

Бауыр еті баласынан қас пен көздің арасында айырылып қала жаздаған ана сол күні жұмыста болыпты. Аптығып жеткенде жедел жәрдем көлігі ұлын алып кеткен. Түні бойы көз ілмеген Ұлжанның бар тілегі — балам аяққа тұрғанша жауаптылар жазадан жалтармаса дейді. Оған себеп те жоқ емес.

ҰЛЖАН АБДУМАЛИКОВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Үлкен ұлым айтты, осылай күйіп қалды деп. Көршім болған қасымда. Көршім баланы көтеріп, жедел жәрдем көлігіне салған. Бала жеңіл түрде қаралып жатыр дейді қазір 306-баппен. Негізі баланың жағдайы өте ауыр. 207-бапта болуы керек. Ал статьясы неге жеңіл түрде қаралып жатыр? Менің күдігім іс жабылып кетпесе екен деймін.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Дәл мынау ойын алаңының іргесінде жатқан кабельді ата-аналар 3 айдан бері алып тастауды сұрапты. Алайда ел толқымаса, ес жимайтын жауаптылар тек қаршадай баланың өмірін қия жаздаған жағдайдан кейін ғана қапылып іске кірісіпті. Қазір электр тогын түп-тұқиянымен құртқан. Ал білетіндер мұндай жүйелер кемі 70 сантиметр тереңдікке көмілу керегін айтып отыр.

Алайда жауаптылар кабельдердің ашық жатқаны жалған деп елдің есін тандырды. Қауіпсіздікке атүсті қарағаны аздай, көлігінен түсуге желкесінің қыры жібермеген құрылыс компаниясының өкілі барлығын құзырлылар анықтайтынын айтты.

МЕДЕТ СӘРСЕМБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕКЕ ҚАУІПСІЗДІК МЕНЕДЖЕРІ:

Кінәлі ме, жазасын тартады. Материалдық шығын ба, денсаулығы бойынша ма, мысалы, дәрі-дәрмек керек пе, оны өтеуге дайынбыз. Қазір баланың жағдайын ойлайықшы. Міне, қазір анасына келіп тұрмыз. Кез келген материалдық көмекті көрсетеміз деп жатырмыз.

Ал аяқ-қолын, кеудесі мен бетін күйік шалған жеткіншек бүгін жансақтау бөлімінен шығарылыпты. Ақ халаттылар жүрегінің соғысын тәулік бойы бақылап отыр. Өміріне төнген қауіп жоқ дейді.

НҰРСҰЛТАН ҚҰРБАНБЕКОВ, АНЕСТЕЗИОЛОГИЯ-РЕАНИМАЦИЯ ЖӘНЕ ҚАРҚЫНДЫ ТЕРАПИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Жарақаттың көлемі 25 пайыз болғандықтан, тек тері бүтіндігі ғана емес, жалпы электр тогы соққан кезде ішкі ағзалар да осындай зақым алады. Яғни бұл жерде шок алған бала. Сол себепті шокпен алғашқы күрес жүрді. Одан кейін үздіксіз мониторинг, жүректің ырғақ бұзылысы, тыныс алуы, сонымен қатар қан қысымы бақылауда ұсталды.

Ал бар кінәні жауапты компанияларға ысыра салған әкімдік өкілдері әбден ашындырды. Тілшілерді тобымен шақырып алып айтқаны мынау.

НҰРБЕРГЕН НҰРМҰХАММЕД, САРАЙШЫҚ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:

Аталған оқиға бойынша қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық қатысты мекемелердің өз әрекетіне байланысты өзінің құқықтық бағасы берілетін болады. Соны күтейік.

Кінәлі кім, кінәрат неден екенін енді құзырлылар анықтамақ. Әзірге әкімдік өкілі айтқандай, қос тарапқа да күтуден басқа шара жоқ.

← Барлық жаңалықтар