Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 24 қаралым

Бағалау жүйесі өзгерді: оқушыларды енді қалай бағалайды?

Жаңа оқу жылында бірінші сыныптың балаларына баға қойылмайды екен. Ал мектептің тәртібіне сай киім үлгісін сақтамағандарға қатаң жаза қолданылуы мүмкін. Ата-аналар мен оқушыларды зәрезап қылған ТЖБ, БЖБ дегендерді алып тастап жатқан көрінеді.

Жаңа оқу жылында білім саласында жаңалық көп. Соның бірі — бастауыш сыныптарға арналған бағалау жүйесінің өзгеруі. Ата-ана мен оқушының ығырын шығарған БЖБ мен ТЖБ да енді келмеске кетті.

ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі аралық бағалау арқылы анықталады және тоқсан соңында бұрынғы бөлімдерді қамтитын жеке жиынтық жұмысы жүргізілмейді.

Оқушының жүгін жеңілдеттік дегенімізбен, білім сапасы қалай бағаланады? Бұл сұрақтың да жауабы дайын. Министрлік өкілінің айтуынша, бақылау жұмыстары мүлдем жойылып кетпейді, тек формат өзгереді.

ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұған дейін бақылау, шығарма, мазмұндама, диктант жазба жұмыстары формативтік бағалау шеңберінде алынып, оларға сабақтың шамамен 20-25 минуты бөлінетін, енді мұндай жұмыстар аралық бағалаудың негізгі нысандары ретінде өткізіліп, оларды орындауға толық сабақ уақыты, яғни 45 минут беріледі.

Ал бірінші сыныптарға баға қойылмайды. Сонда баланың сабақ үлгерімі қалай бағаланады дейсің ғой?

ЖАНАР ЖАҚСЫЛЫҚОВА, ҰСТАЗ:

1-сынып оқушыларын бағалау жүйесі баллмен есептелмейді. Енді ұстаздар шәкірттерінің жетістігін смайлик, хат немесе стикер арқылы бағалауды өз қалауынша шешеді. Бұл — сыныптағы оқушылармен бірлесе атқарылатын жұмыс.

Сондай-ақ брифингте оқушылардың киім үлгісіне қатысты мәселе сөз болды. Вице-министр бетін бүркеп келетін балаларға қатысты жауапкершілік бар екенін ашып айтты. Бекітілген қағидалар бұзылған жағдайда шара да күшейе түседі.

ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мектепте бекітілген киім үлгісін сақтамаған оқушының ата-анасына немесе заңды өкіліне алдымен мектептің әлеуметтік педагогы мен жауапты мамандары ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал егер бұл талап орындалмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына сәйкес, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Тілге тиек ететін тағы бір жайт. Енді бастауыш сынып оқушылары медиа сауаттылық және жасанды интеллект пәндерін оқиды екен. Ал орта буындағы сыныптар үшін информатика пәнінің мазмұнына жасанды зерде және медиа сауаттылық бағытындағы бөлімдер енбек.

← Барлық жаңалықтар