Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 4 қаралым

Оқу маусымына қай өңір дайын емес?

Елімізде жаңа оқу маусымының басталуына 10 күннен сәл-ақ астам уақыт қалды. Бірақ республика бойынша 13 мектепте жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жатыр екен. Демек, мердігерлер қыркүйекке дейін үлгереміз деп сапаға мән бермеуі де ықтимал. Қара тізімнің басында Алматы қаласы бар. Бүгін Үкімет басшысы сылбыр қимылдап отырған өңірлердің әкімдеріне шүйлікті. Премьер-министр атқамінерлерге осы аралықта барлығын аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ Олжас Бектеновтың сөзінше, күзде елімізде су жаңа 47 білім ошағы балаларға есігін айқара ашады. Оның 20-ы «Келешек мектептері» жобасының аясында салынған. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін өңірлерде тағы 64 нысанның құрылысы аяқталады деген жоспар бар. Ал оқушылардың игілігіне 1400-ден астам заманауи құрылғылармен жабдықталған робототехника, физика, химия, биология кабинеттері де ашылады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

1 қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте жөндеу жұмысы аяқталуы керек. Бірқатар өңірлерде 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтемін. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын бақылауға алуды тапсырамын.

← Барлық жаңалықтар