Бүгінгі Үкімет отырысы әне-міне басталатын оқу жылына арналды. Білім сапасына жауапты министр Олжас Бектеновке есеп берді. Ал премьер-министрдің сын садағына бірнеше өңірдің әкімі ілікті. Кейбір аймақтар білім маусымына толық дайын емес екен. Жалпы, 1 қыркүйекке дейін 100-ден астам мектепте жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Десе де орта білім алу жылдан жылға күрделеніп бара жатқан сияқты. Себебі бірнеше жаңа пәндер қосылайын деп жатыр.
ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:
Жаңа маусым бұрынғыдан өзгерек. Биыл оқушылар жасанды интеллект нәрімен сусындайды. Ал бұрынғы темір есігі бар кабинетте, компьютерлері қатаң күзетілетін информатика пәнінің де аты өзгеретін болды. Енді бұл сабақ «Информатика және жасанды интеллект» деген атауға ие болады. Оқушылар жаңа бағытқа аптасына 43 сағатын арнайды. Ал 240 мыңнан астам педагог нейрожүйе бойынша біліктілік курстарынан өткізілді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Жаңа оқу жылының ерекшелігі — жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу. Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді. Биыл 12 мамырда Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Қазіргі уақытта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жарлықты іске асыру жөніндегі 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірледі.
Жасанды интеллект интернетсіз жұмыс істемейтіні түсінікті. Нейрожүйені бас салып енгізбес бұрын, елді мекендерде ғаламтордың қолжетімділігін анықтап алу маңызды. Бұл мақсатта жауаптылар 8 мыңға жуық білім ошағының интернет жылдамдығын тексеріп шыққан. Сондай-ақ республиканың 1600 мектебіне министрлік Starlink жүйесін тартуды жоспарлап отыр. Оқу-ағарту министрінің сөзін цифрландыру ведомствосының өкілі де іліп әкетті. Тіпті жауаптылар келесі жылы республикадағы мектептерді түгел ұтқыр интернетпен қамтамасыз етеміз деп сендірді.
РОСТИСЛАВ КОНЯШКИН, ҚР ЖИ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгінде мектептердің 92 пайызы жылдамдығы жоғары интернетке қосылған. Қазірдің өзінде 1 276 мектепте интернет жылдамдығы 100 Мбит/секундтан жоғары. 2027 жылға қарай олардың санын 3 222, ал орташа жылдамдықты 90 Мбит/секундқа жеткізуді жоспарлап отырмыз.
ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:
Жасанды интеллектен бөлек, білім жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістер жеткілікті. Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын 380 мың бала мен оқуға баратын 4 млн-нан астам оқушыға министрдің бірнеше жаңалығы бар. Ведомство жуырда Жаңа Конституцияның қағидаттарын кезең-кезеңмен бағдарламаға енгізу бойынша кешенді жұмыстарды жүзеге асырған. Бастауыш сыныптарда баланы бағалау қағидаттары да өзгертілсе, орта және жоғары сынып оқушыларының бағдарламасына жаңа пәндер қосылыпты.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналады және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді.
Бірақ республика бойынша 13 мектепте жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жатыр. Демек, мердігерлер қыркүйекке дейін үлгереміз деп сапаға мән бермеуі де ықтимал. Қара тізімнің басында Алматы қаласы бар. Бүгін Үкімет басшысы сылбыр қимылдап отырған өңірлердің әкімдеріне шүйлікті. Премьер-министр атқамінерлерге осы аралықта барлығын аяқтауды тапсырды. Олжас Бектеновтың сөзінше, күзде елімізде су жаңа 47 білім ошағы балаларға есігін айқара ашады. Оның 20-ы «Келешек мектептері» жобасының аясында салынған.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
1 қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте жөндеу жұмысы аяқталуы керек. Бірқатар өңірлерде 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтемін. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын бақылауға алуды тапсырамын.
Заң мен тәртіп қағидасы да назардан тыс қалмады. Биыл білім ордаларындағы буллинг мәселесін ерте анықтау тәсілдері бекітіліпті. Бұл туралы еліміздің бас полицейі Ержан Сәденов мәлімдеді. Генералдың сөзінше, құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін мектептерге арнайы тәлімгерлерді енгізу ұсынылып отыр. Бұл пилоттық жоба Жетісу облысында тиімділігін көрсеткен.
ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Жаңа профилактика туралы заң аясында білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктері көзделген. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері, оның ішінде буллингті және басқа да заңсыз әрекеттерді ерте анықтау тәсілдері бекітілді. Осы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін мектептерде тәлімгерлерді енгізу ұсынылады.
ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:
Сондай-ақ Үкімет қолдауға мұқтаж отбасыларды да назардан тыс қалдырмады. Азаматтарға материалдық және әлеуметтік жан-жақты көмек көрсетіледі. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлініп те қойған. Жалпы, жаңа оқу маусымына дейін 400 мың балаға қолдау көрсетіледі. Жиын соңында Олжас Бектенов қол астындағыларға жәрдемнің діттеген жеріне жетуін, шын зәру азаматтарға берілуін қадағалауды тапсырды.