Технология қарыштап дамып жатқан уақытта медицина саласы шетте қалмасы анық. Осы ретте елордалық дәрігерлер тізе, жамбас және буындарға ота жасау үшін роботтарды қолдана бастады. Жыл басынан бері мұндай құрылғы арқылы 50 операция жүзеге асырылыпты. Аталмыш технология компьютерлік томография мәліметтері негізінде сырқат жердің 3D бейнесін құрастырып, дәрігерге протез өлшемін және оның орнатылуын барынша дәл анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен хирург операцияның барлық кезеңдерін қатаң қадағалап, қажеттілік туындаған сәтте есептеулерге өзгерістер енгізіп отырады. Нәтижесінде науқастардың оңалу мерзімі едәуір қысқарған.
ӘНУАРБЕК ҚҰЛШАРОВ, ДӘРІГЕР-ОРТОПЕД:
Қазір көзбен ештеңе есептемейміз, тек сол аппаратқа берілген мағлұматты саламыз. Сол бойынша робот бізге есептеп береді. Операцияның соңында соңғы өлшемдерді жасаған кезде, аяқ екінші аяқпен бірдей болып шығады. Сөйтіп, түзу шығарып береді. Оны біз рентгенге түсіріп, ертеңіне өлшеп, науқасты тұрғызып жүрмейміз. Операциялық үстелдің үстінде екі аяқтың бірдей екеніне көз жеткіземіз.
Үсен Астана