Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Той мәдениеті: шоу жасаймын деп шектен шыққандар

Жаз мезгілі, той десе қу бас домалайтын ағайынның үйінде ақ түйенің қарны жарылып, қуанышы қыза түсетін сәт. Десе де, дәл сол думанды кештің тізгінін ұстаған кейбір асабалардың әрекеті кейінгі кезде жиі сынға ұшырап жүр. Тұрпайы ойын, орынсыз әзіл. Шоу жасаймын деп, шектен шығып кеткен жайттар желіде қызу талқыланып, қоғам назарын аудармай қоймайды. Ал оның бәріне тамада кінәлі ме? Әлде тойшыл қауымның талабы мен талғамы қазір осындай ма? Өнегелі сөздер өріліп, ақжарма тілектер ағылатын, қазақ мәдениетінің өзегіне айналған тойымыз неге тоқырап тұр?

Салмақты сөз айтылып, салт-дәстүрді сабақтастыратын той бүгінде ойыннан құралады. Ырду-дырду, жеңіл-желпі қалжыңды халық та хош көретіндей. Салтанатты кештің ажарын ашуы тиіс жүргізушілер кейде күлдірсе, кейде бүлдіріп жатады. Жақында аты дардай асабалардың отпен ойнаймын деп басы дауға қалды.

Сауықшыл қазақ сонда да шаттықтан шаршаған жоқ. Бірақ шектен шыққандарды үлкендер дәл осылай тезге салатын. Ебін келтіріп, елдің тілін табатын тамадалардың орны қашан да бөлек қой. Кезінде асабалар қара сөзді жатқа соғып, майын тамыза сөйлеп қана қоймай, ақын-жыраулардың халыққа жетпей қалған әңгімелерін тоймен үйлестіретін, — дейді ақын Талант Арынғали. Сонда қазіргі тамадалар ұсақталып кетті ме?

ТАЛАНТ АРЫНҒАЛИ, АҚЫН, АСАБА:

Асабалардың өздері де сол жақсы жарқ еткен сәттерін ғана салып, тойдың иелеріне көрсетеді. Оның арғы жағында қанша дүниелер бар. Сөзің өтпей қалған, өзің өтпей қалған жерлері бар. Сондықтан әбден талқылап, таразыға салып барып, жалпы той жасаған ағайын болсын, асабалар болсын, өз-өзіне сын көзбен қараса, бұл қуаныш мәңгілікке бір болатын қуаныш екенін түсінсе, екі жақты келіссе, осы дүниелердің бәрі орнына келеді деп ойлаймын.

Ал қоғам белсендісі Қарлығаш Бекпатшаның пайымынша, тойда қызмет көрсететін мамандар ісіне салғырт қарамай, кәсіби деңгейін үнемі жетілдіруі тиіс. Өйткені той мәдениетінде сапа мен жауапкершілік басты орында.

ҚАРЛЫҒАШ БЕКПАТША, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Сол жерден нәпақа тауып отырғаннан кейін тойға дайындықпен шығуы керек қой. Күнделікті жұмыс жасауы керек. Күнделікті өзін-өзі дамытуы керек. Ал бұларда ондай жоқ екен. Жаттанды түрде, күнделікті сценарийден еш өзгеріс жоқ. Бұл халықтың да деңгейі сондай деп айтуға болмайды, әрине.

Сырт көз сыншы ғой. Дей тұрғанмен, «барлық асаба сондай екен деп тон пішіп, жазғыру орынсыз», — дейді астаналық асаба Жасұлан Қадырбек. Айтуынша, бүгінгі тойшыл қауым көп сөйлеп, ақыл айтқанды ұната қоймайды.

ЖАСҰЛАН ҚАДЫРБЕК, АСАБА:

Халық шоуды жақсы көреді қазір. Ойнағанды, сыйлық алғанды жақсы көреді. Халыққа назар жетіспейді. Былайша айтқанда, сол тойдың басты кейіпкері болғысы келеді. Кейбіреулер айтады: «Бүгін менің қонағыма масқара әзіл айтшы, масқара прикол ұстауға болады, олар көтереді», — дейді. Сен барасың да, солай жүргізесің. Кейбірі айтады: «Бүгін менің қонақтарыма тиіспеңіз, олар мәдениетті адамдар», — дейді. Сен ол жерде түк әзіл айтпайсың, жақсы сөздермен өткізіп бересің.

Тек тамада емес, тілек айтқан қауымға да сын көп қазір. Баталы сөздің орнына өктем сөйлеп, көпіріп, кейде лепіріп кететін жайттар жоқ емес. Таяуда Түркістан облысында той үстінде тілектің орнына уағыз айтқан ер адам сын садағына ілінді. Мұнымен қоса, әйел адамды кемсітетін орынсыз теңеу қолданып, ұлттық наным-түсінікке селкеу түсіргені үшін істі болды. Арнамызға сұхбат берген Нұрлан имам бұл жағдайды былай сипаттады.

НҰРЛАН БАЙЖІГІТҰЛЫ, «ЫРЫСКЕЛДІ ҚАЖЫ» МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ:

Халықты өзінің төл өнері, мәдениетінен бөліп-жару дұрыс емес. Кезінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өзі Мәдинаға кіріп барғанда, арабтардың салтымен барабан ұрып күтіп алған Мәдина халқы. Сол кезде Пайғамбарымыз харам деп, мына кісі сияқты шариғатқа түк қатысы жоқ деп айтпаған. Енді біздің зарымызды, мұңымызды, қуанышымызды жеткізген домбыраға да харам деп әлеуметтік желіде видеолар да жарық көрді. Міне, осыған келіп тірелді ғой. Енді ол кісінікі сәл шектен шығу деуге болады.

Той мәдениеті қоғамдағы тәртіптің көрінісі, — деді Нұрлан имам. Сайып келгенде, жүйелі сөз жүрекке жетіп, салт пен салтанат, әдеп пен әзіл үйлесімін тапқанда ғана қуанышты отырыстардың қадірі арта түспек.

← Барлық жаңалықтар