Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Жылу маусымына дайынбыз ба?

Жылу маусымына дайынбыз ба? Бүгін Үкімет отырысында жауаптылар қыстың қамын жаз ойлады. Олжас Бектенов дайындығы баяу бес өңірді жіпке тізіп, жауаптыларға қатаң ескертпе берді. Биыл бұқара бүрсең қағып қалмау үшін жылу желілерін жөндеуге 384 миллиард теңге бөлініпті. Жұрт тоңып қалмауы үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Үкіметтегілер не деді?

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Кеш жарық, Асаубек. Иә, қараша қыста қысылмай, жылыту маусымында жылап қалмасын, қазандықтарға қатысты сұрақ қалмасын деп жауаптылар бірінен соң бірі есеп берді. Үкімет басшысының алдында сөз алған Ерсайын Нағаспаев денсаулық сақтау нысандары мен білім беру ұйымдарындағы дайындық 98 пайызға жеткенін айтты. Тек Шымкент пен Алматы, сондай-ақ Ақтөбедегі жұмыс барысы сылбыр екен.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Тұрғын үйлер бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары 51 391 үйде аяқталды, бұл жоспардың 96%-ын құрайды. Түркістан облысында тұрғын үй қорының дайындығы толық қамтамасыз етілді. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында тұрғын үйлердің дайындық деңгейі төмен.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Жалпы биыл жөндеу жұмыстарына 384 миллиард теңге бөлінген. Бұл былтырмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Сондықтан дайындық та жоғары деңгейде болуы тиіс. Ал Олжас Бектенов жандары мұрындарының ұшына тақалғанда қимылдайтын жауаптыларға батырып айтты. Жұмыстың басына бармайтын, есеп берумен елді алдайтындарды түйреп өтті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мендегі ақпарат бойынша бірқатар өңірлерде жөндеу мерзімдерінің кешігу қаупі бар. Мәселен, осындай тәуекелдер Көкшетау, Теміртау, Жезқазған қалаларында орын алып отыр. Сондай-ақ Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жылу желілерін жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Энергетика нысандарын қысқы кезеңге дайындауға жауапты Өңірлік штабтардың жұмысына назар аударамын. Бірқатар өңірлерде олар есептік көрсеткіштерді тыңдаумен ғана шектеліп отыр.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Маусым басталғанда маужыраған мысықтай отыратын шенділер қазірден қарқынды арттырып, қызметіне салақ қарамауы тиіс. Осы тұста елді алаңдатқан тағы бір сұрақ бар. Көл-көсір көгілдір отын Солтүстіктегі ағайынның қашан көркін қыздырып, бөркін аспанға арттырмақ? Білдей бір министрдің сөзінше, барлығы бір құбырға байланыпты.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Қазіргі таңда газдандыру деңгейі елімізде 64,2 пайыз. 20,5 миллионнан астам Қазақстан тұрғындарының ішінде 13 миллионын газға жеткізу мүмкіндігі бар. Бүгінде елде бірнеше жоба іске асып жатыр. Ең маңыздысы — «Есіл-Астана» газ құбырын салу. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме құжаттары дайындалуда.

Бейнеқор.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Газбен қатар көмірдің де жайы сөз болды. Ағайын ақшасына алайын десе де, қоймада қатты отын қалмай қарадай қапа қылатын. Бұл жолы ондай жағдай болмайды деді жауаптылар. Қажетті көмір — 7,3 миллион тонна. Ал оны өндіруден бастап елге үйлестіруге дейін бақылайтын арнайы платформа ойлап тауыпты. Кәрі құдаң қыс келгенде отын мәселесі от алып кетпесін деп Олжас Бектенов те ескертпе жасады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өңірлерде көмір тапшылығы мен бағаның негізсіз өсуіне жол берілмесін. Бұл үдеріске қатысушылардың барлығы өз жұмысын көмірмен қамтамасыз етуге арналған қолданыстағы цифрлық платформа аясында ұйымдастыруға тиіс.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Көліне қарай қазы, қысына қарай жазы дейді қазақ. Сондықтан артта қалған әкімдіктер түйткілдің түйінін тарқатуы тиіс. Өйткені бүгінгі ескертпе ертең үсіп-тоңып еңкілдеген елге айналуы мүмкін. Ал әзірге қараша қыста тоңбайды, мәселе болмайды деп сенейік. Асаубек, тізгін өзіңде.

← Барлық жаңалықтар