Жүріп-тұруы қиын балалар жүгіріп жүретін күн алыс емес. Елімізге алғаш рет бірегей инновациялық экзоскелет әкелінді. Құрылғы тірек-қимыл аппараты бұзылған ұл-қыздарға үміт сыйлады. Құны 40 миллион теңге тұратын технологияны қоғамдық қор Алматыдағы оңалту орталығына табыстады. Бұл бір емес, мыңдаған бүлдіршіннің өмірін 180 градусқа өзгертетіні анық.
Бұл кішкентай төрт жасар баланың алғашқы қадамы. Роботтандырылған экзоскелет оның аяқтарын табиғи, сау адамның жүріс үлгісімен қозғалтады. Сол арқылы бұлшық еттерге бір уақытта электростимуляция жасалып, жүйке жүйесі қайта жаңғырады. Құрылғының өлшемдері мен қадам жылдамдығы әр баланың бойы мен физикалық мүмкіндігіне қарай нақты реттелетін көрінеді. Бірегей технология ерекше баласы бар отбасыларға үлкен үміт сыйлап отыр.
НҰРЖАНАР ҒАЛЫМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бірақ бұл аппаратпен нәтижеге жету бұрынғы вертикализатор, ағаш аппараттарына қарағанда нәтижелірек және уақыты тезірек болады деген ойдамыз. Яғни баланың тірек-қимыл қозғалысын қозғалту арқылы миға сигнал барады, миға сигнал барған соң жаңа нейрондар оянып, баланың еркін жүріп-тұруын қалыптастырады екен.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған «Арди» оңалту орталығы бүгінде толық түрлі құрылғымен жабдықталған. Бірақ дәл осы робот-экзоскелетін алуға шамасы болмапты. Өйткені құны 40 млн теңге тұрады. Сондықтан қайырымдылық қорларына өтініш айтқан. Олар керекті соманы екі жарым жылда жинапты.
ЖАДЫРА АЗАНҒҰЛОВА, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРДЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қайырымдылық жасау үшін көп ойлайды, бай, миллионер болу керек деп. Бірақ қазақта сөз бар: көп түкірсе, көл болады деген. Бұл бір адамның емес, он адамның емес, мыңдаған адамның нәтижесі. Еңбегі. 50 теңге жібергендер де болды, миллиондап жібергендер де болды. Қораппен де жүріп жинадық.
Экзоскелетті оңалту терапиясында қолданудың клиникалық маңызы өте жоғары. Ми мен жұлын арасындағы жаңа жүйке байланыстарын үдетіп, дұрыс жүру стереотипін қалыптастырады. Атрофияға ұшыраған бұлшық еттерді іске қосып, буындардың қатып қалуын болдырмайды. Тік тұру және жүру арқылы қан айналымы, ас қорыту және тыныс алу жүйелерінің қызметі де жақсарады.
ӘСИЯ АҚТАНОВА, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бүгін өте қуанышқа толы күн. Ресейден арнайы мамандар келіп, робот-экзоскелетін қалай қосу керегін үйретіп жатыр. Өйткені сенсорлық бағдарламасында церебралды сал ауруының түрлі формасына арналған нұсқалары бар. Баланы аппаратта тұрғызып, дұрыс жүргізуге мүмкіндік береді. Осы арқылы біз де күнделікті қадағалап отырамыз. Қазақстанда біреу ғана, бізге бұйырғанына қуаныштымын.
Ең бастысы, аппарат баланың өзіне деген сенімділігі мен ынтасын арттырады дейді мамандар. Енді үлкендерге арналған құрылғыны алдыруды жоспарлап отыр.