Білім беру саласында ауыз толтырып айтатын жетістік көп. Әсіресе, жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ұлы мамандық иелерінің алдында сөйлеген Президент жағымды статистиканы айтты. Соңғы бес жылда елімізде 1120 білім беру нысаны бой көтеріп, 1 миллионнан астам баланы құшақ жая қарсы алған. Сондай-ақ ауылдағы 5 мың мектеп жаңарды. Бұдан бөлек, материалдық-техникалық қоры заман талабына сай жабдықталып, 7 мыңнан астам робототехника, химия мен физика кабинеттері іске қосылған екен. Соңғы жеті жылда бұл саланың бюджеті үш есе өсіп, 6,4 триллион теңгеге жетіпті. Осы орайда Президент білімге бағытталған инвестиция — болашаққа салынған ең үлкен капитал екенін тағы да еске салды. Мектеп құрылысын бәсеңдетпей, одан сайын үдете түсуді тапсырды.