Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 25 қаралым

Балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салына ма?

Енді 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін. Құрылтайдың ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің маусым айында айтқан ұсынысын қолдады. Түйткілді мәселені тамыз конференциясында да түйреп өткен Президент тиісті заңды қабылдауды тапсырды. Алайда тек заңмен бекітіп қана қоймай, оны іс жүзінде жүзеге асырудың амалын табуға шақырды. Қауқарсыз заңның қажеті жоқтығын қадап айтқан Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі азаматтардың мәселесіне де арнайы тоқталып өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі қауқарсыз заң ешкімге қажет емес. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет.

Құрылтай депутаттарын іске құмбыл кірісуге шақырған Президент ерекше балаларға қатысты заңға да тоқталып өтті. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасап, мемлекеттен көрсетілетін қолдаудың тиімді жүйесін құруды міндеттеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтарды әр облыс пен қалалардан салуды тапсырды. Мұнымен қоса медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керектігін жеткізді.

← Барлық жаңалықтар