Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 19 қаралым

Жатақхана үшін жанталас

Білім қуған жастар қазір алып шаһарларға ағылып жатыр. Қазірдің өзінде қала көшелерінен ауыр сөмкелерін сүйреткен студенттер мен баласы үшін бәйек болған ата-аналарын көп кезіктіруге болады. Ұл-қыздардың бәрі жатақханаға сыймайтыны айдан анық. Бұл да «миллион кімге бұйырады» деген ойын сияқты: біреуге бұйырады, біреуге жоқ. Алыстан ат сабылтып келгені, отбасылық жағдайына қарай жатақхана бергені бар. Ал қалғаны ше? Әлбетте, топ болып пәтер жағалап, тума-туыс аралап кетеді. Ал жалдамалы баспана құны қалай болып жатыр? Оған тиыны жетпегендер қайда түнеп жүр?

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Білім аламын, озық маман боламын деп алып шаһарға арман қуып келген студенттердің қыркүйекте баспана іздеп басы ауыратыны, жатақхана жағалап жанығатынын жақсы білесіздер. Қалаға келе салып, телефон шұқып, хабарландыруға шұқшиып, пәтер іздеп әуреленеді. Бірақ барлығының бірдей жолы бола бермейді. Бірі ағалап, туысқандарын жағалап кетеді. Ал жолы болмағандар дәл осындай кейіпте вокзал мен қоғамдық орындарға қонатынын талай көз көрген, құлақ естіген.

Бұл — мыңдаған жастың тағдырына айналған үйреншікті көрініс. Солардың бірі — Семейден асқар мақсатпен елордаға қадам басқан Балназ. Қалтадағы тапқан-таянғанын оқу ақысына жұмсайтын жастар бағасы шарықтаған нарық алдында дәрменсіз. Тамыздың он бесінде Астанаға жеткенімен, әлі күнге дейін жөнді баспана таппаған. «Жаз бойы тынымсыз еңбек етіп, тапқан қаражатым тек оқу ақысын жабуға ғана жетеді. Ал пәтер жалдау — ай сайынғы үлкен сын», — дейді кейіпкеріміз.

БАЛНАЗ ЖҰМАСҚАЛИ, СТУДЕНТ:

Жалпы иә, қазіргі таңда Астана қаласында пәтерлердің бағасы өте қымбат. Студенттерге бағасы келмейді. Жай ғана бір бөлмелі пәтердің өзі 300-350 мың көлемінде қалады. Ал қарапайым студенттерге бұндай баға өте қымбат. Ал жатақхана мәселесіне келетін болсақ, жатақханаға көбінесе 1-курс студенттеріне басымдық, яғни бірінші орында 1-курс студенттерін кіргізіп алады. Одан кейін барып 2-3-курс студенттерге бөлмелер қалып жатқан жағдайда ғана беріледі. Менің ойымша, бұл өте әділетсіз. Себебі барлық студенттің ақшасы пәтерде тұруды талап ете алмайды деп ойлаймын. Астанаға келгеніме 2 апта болды. 2 апта ішінде әлі де пәтер іздеп жатырмын. Себебі қарапайым, жақсы бағада пәтерлер жоқ.

Көкейкесті мәселені құзырлы министрліктің алдына көтергенімізде, ведомство өкілдері мүлде басқа деректі алға тартты. Олардың мәліметінше, елорда аумағында студенттерді баспанамен қамту ісі толық шешімін тапқан көрінеді. Қолдағы көрсеткіштер тек оңтүстік шаһар Алматыда ғана 5 136 орындық тапшылық сақталғанын айғақтайды. Ал Астанада жатақхана жетіспеушілігі жоқ деседі. Тіпті алма қалада төсек-орын тапшылығын реттеу үшін арнайы орталықтар жұмыс істейді екен. Мысалы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасындағы ахуалдық орталық былтырдың өзінде 3 мыңнан астам жасқа қол ұшын созған.

ЖОҒАРЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ МИНИСТРЛІГІ:

Өзіңізге белгілі, 1-курстың студенттері енді ғана оқу орнына түсіп, енді ғана үлкен қаладағы өмірге бейімделіп жатқан азаматтар. Сол себепті де бірінші кезекте осы бірінші курсқа келген студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесі басты назарда. Қазіргі таңда республика бойынша тек жатақхана тапшылығы 5136 орынды құрайды. Бұл Алматы қаласында.

Министрлік дерегі бойынша елордадағы жатақхана тапшылығы толық шешімін тапқанымен, бұл түйткілдің мүлде жойылып кетпегенін әлеуметтік желі парақшалары айқын аңғартады. Желіні шолып, бір жазбаға назарымыз түсті. Постың иесін іздеп тауып тілдестік. Ата-анасының өтініші бойынша аты-жөнін құпия сақтауды қалады. Сонау Қостанайдан арман қуып келген студент қыздың мұң-мұқтажы мен шынайы жағдайы көптің көкейінде жүрген түйткілдің бетін ашты. Айтуынша, жатақхана бар, бірақ бағасы удай.

СТУДЕНТ, ҚОСТАНАЙ:

Алдыңғы жылы 250 мың болған. Ал оны осы жылы 400 мыңға дейін көтерді. Ал жалдамалы пәтер болса, ол уже тауып қоюға уақыт та қалмады. Себебі бәрі жаздың басынан оларды алып қояды. Сондықтан қазір уақыт жоқ, пәтерлерді де дұрыстап таппайсың деп ойлаймын. Ал осы жатақханалар сол бағаға тұрарлық па, тұрарлық емес пе, оны да қазір дұрыс айта алмаймын. Ал бір жылдың ішінде 150 мыңға көтеру ол көп деп ойлаймын.

Студент қыздың әлеуметтік желідегі жанайқайының ізін суытпай, аталмыш жоғары оқу орнына арнайы бардық. Университет өкілімен тілдесіп, мән-жайды анықтауға тырыстық. Олар жатақхана бағасының қымбаттағанын жасырмады. Жылына 400 мың теңге қаржы төлеп отырған студенттер үшін бұл баспана бірінші қыркүйекке толық дайын емес болып шықты. Ал студенттердің бұл шаңыраққа толығымен қоныстануы тек қазан айына жоспарланған. Университет басшылығы мұның себебін сырттан келетін құрылыс материалдарының шекарадағы кедергілер мен кешігулерге байланысты уақытында жетпегенімен түсіндірді.

САЯТ БЕРДІҒАЛИҰЛЫ, Қ. ҚҰЛАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИЗНЕС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:

Бізде жатақхананың ақысы биылғы жаңа салынып жатқан жатақхана бағасын 400 мың теңге деп қойдық, ол министрлікпен келісіліп қойылған. Өйткені бұл қаржы орталығымен бірге келісіп салынып жатқан жатақхана. Ал ескі жатақхана былтыр 250 мың теңге болған, биыл 300 мыңға көтердік. 300 мыңға көтерудің себебі, ол білесіздер, инфляцияның өсуі бар, коммуналдық құндардың өсуіне байланысты 300 мыңға көтердік.

Құрылысы созылғанын көзіміз көрді. Ал студенттерін қабылдауға дайын жатақханалардың күйі қандай?

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Менің тура артымда тұрған зәулім ғимаратқа қарап, елордада орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірі ме деп қаласыз. Алайда бұл студенттерге арналған жатақхана екен. Сыртқы жай-күйі әдемі, ішіндегі өмір қалай екен, бірге көрейік.

Сәні мен салтанаты жарасқан осынау зәулім шаңыраққа жақындаған сәтте таңырқай қарадық. Сырт келбеті мен ішкі көрінісі көз тартатын заманауи жатақхананың әр бұрышынан эстетика мен жайлылық сезіледі. Салыстырмалы түрде айтсақ, жылдық ақысы жоғарыда айтқан жатақханамен бірдей. Бұл жерге әрі кеткенде үш студент қоныстанады екен. Қолайлы жағдайды көріп, баласының болашағына алаңдаған ата-аналардың көңілі орнына түсіп, дән риза.

АЙГҮЛ НИЕТБАЕВ, АТА-АНА:

Менде студенттерден бұл 3-балам, алдында екі қызым Алматы қаласында АТУ және Абай атындағы педагогикалық университетте оқыды. Екі қыз балам, олар жатақханада жатты. Ол кездегі жатақханамен салыстырғанда, қазір енді ол кездерде 2016 жылдар ғой, қазір 2026 жыл, Астана қаласы, елордасы дегендей, ол кездегі жатақханамен салыстырғанда әлдеқайда күшті.

Бір өкініштісі, мұндай жайлылық бәріне бірдей қолжетімді емес. Әңгіме басындағы жалдамалы пәтердің жырына қайта оралайық. Мамандардың айтуынша, үй иелері ай сайынғы төлемақыны лезде шарықтатып жібереді. Қожайынмен тікелей тіл табысса бір сәрі, ал екі ортада қызмет ұсынатын делдалдарға тап болса, қосымша қаржы төлеп әбігерге түседі. Соның салдарынан оңай олжа іздегендердің арбауына түсіп, алданып қалатын жандардың қарасы қалың.

ӘСИ АЙТҚАЛИ, РИЕЛТОР:

Жыл сайын осындай проблема болады квартиралармен аренда бойынша. Өйткені сезон болған сайын, каждый бизнестің сезоны бар ғой, сондықтан август, сентябрь осы сезон, адамдар көп келеді, көп спрос болады, спрос көп болған сайын баға да өседі, сосын баға өседі де, бірақ әрі қарай түспейді, солай қалыптасып қалады. Сондықтан жыл сайын аренданың бағасы осы август, сентябрь айында өседі.

Қорыта айтқанда, жаңа оқу жылында білім іздеуі тиіс жастардың баспана таппай сабылуы — жыл сайын қайталанатын мәселеге айналды. Мемлекеттің жасап жатқан оң қадамдары нарықтағы қымбатшылық пен уақытында аяқталмаған құрылыстың көлеңкесінде қалып қоймауы тиіс. Жарқын болашақ құрамыз десек, жастарымыздың ертеңіне бүгіннен берік іргетас қалауымыз шарт. Себебі мемлекеттің ең басты инвестициясы — су жаңа ғимараттар емес, сол ғимаратта алаңсыз білім алатын жастар!

← Барлық жаңалықтар