Апта еліміздің саяси тарихындағы оқиғаларға толы болды. Көптен күткен Құрылтай сайлауы өтіп, партиялар мандат алып, депутаттар ант қабылдады. Бір палаталы Парламенттен елдің күткені көп. Мұны Президент те айтты. Мемлекет басшысы мандат алғандарға қоғамға пайдасы бар іспен шұғылданып, қарақан бастың емес, қарашаның қамын бірінші кезекке қоюды мықтап тапсырды. Сайлаудың алдында ағайынның арыз-шағымын тыңдап, қойын кітапшасына қаламмен түртіп алған халық қалаулылары енді сол түйткілдерді тезірек шешуге тиіс.
Алдымен Ата заңнан бастайықшы. Түбегейлі жаңарған Конституция еліміздің жаңашыл саяси билік архитектурасын құруға жол ашты. Құрылтай — соның алғашқы әрі іргелі институты. Таяуда дәл осы маңызды реформаны іске асырудың қадамы да жасалып, елімізде заң шығарушы биліктің жаңа үлгісі қалыптасты.
Осы уақытқа дейін Қазақстанда қос палаталы Парламенттің 8 сайлауы өткен. Бірақ бұл жолғы саяси аламанның тәртібі бұрынғыдан өзгерек. Бір палаталы Құрылтай депутаттарының сайлауының өтуі елімізде тұңғыш рет. Сондықтан да бұл науқанға ағайын да айрықша ықылас танытты. Ел болашағына бейжай қарамайтын қазақстандықтар таң алагеуімнен сайлау учаскелеріне ағылып, тағдыршешті таңдау жасады. Жалпыхалықтық саяси науқаннан Мемлекет басшысы да тыс қалған жоқ. Бас қаладағы сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді саяси жаңғырудағы жаңа дәуірдің бастауы деп атады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл — маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Сайлау — осы жұмыстың бастауы ғана.
Еліміздің саяси өміріндегі тарихи сәт электораттың ерекше белсенділік танытқанын көрсетеді дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы. Елімізде дауыс беруге құқылы сайлаушылар тізімінде 12 млн-нан астам адам болса, оның 74 пайыздан астамы азаматтық парызын орындаған екен.
Сайлау қорытындысы бойынша, 5 пайыздық межеден бес партия өтті. Атап айтқанда, 71,17 пайыз дауыс жинаған Әділет партиясы бәйгені бермеді. 6,26 пайызбен Ауыл партиясы екінші сатыға тұрақтаса, республикалықтардың пайдасына электораттың 5,56 пайызы таңдау жасады. Тұғырдан орын бұйырған Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 5,21, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия болса, 5,11 процентке ие болды. Ал жылдар бойы Парламенттен түспеген Қазақстан халық партиясы Байтақпен бірге бұл жолғы Құрылтайдан үмітін үзді.
Нәтижесінде, 145 депутаттық мандаттың 110-ын сайлауда аты озған Әділет партиясы иеленді. Ауылдықтар 10, Республика 9, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен «Ақ жолға» 8 мандаттан тиді.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Осылайша, қос палаталы Парламент бір арнаға тоғысып, Құрылтай құрылды. Құрамы жасақталды. Депутаттық корпус ел болашағына қатысты маңызды шешімдерді дәл осы ғимаратта қабылдайды. Құрылтайға артылған міндет көп. Енді олар сенімге селкеу түсірмес үшін жең түріп, популизмнен ада болып, нақты іс көрсетуі тиіс.
Қара бастың емес, халықтың қамы бәрінен жоғары тұруы қажет. Құрылтайдың алғашқы сессиясын ашып берген Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға аманатқа адал болуды қадап тапсырды. Мемлекет басшысы өз сөзінде реформалардың басты мақсаты халықтың тұрмыс сапасын арттыру мен елдегі тұрақтылықты нығайту екенін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Құрылтай ұғымы халқымыздың өткенін, бірегей болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды. Біз өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынтымағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құрып жатырмыз. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сіздер осы миссияны іске асыруға белсене атсалысып, ең алдымен ұлттың, жалпы халықтың мүддесіне адал қызмет етесіздер деп сенемін.
Президент Құрылтайға жүктелген негізгі үш міндетті атап өтті. Ең алдымен, Ата заңның жаңа нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына сапалы түзетулер енгізу керек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек. Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет.
Құқықтық жүйені қалыптастырып, мемлекеттік институттарды нығайтуда маңызды рөл атқарған Мәжіліс пен Сенат тарих қойнауына енді. Дегенмен Парламентте басталғанымен, аяқталып үлгермеген жобалар аз емес. Саясаттанушы Ризат Тасым маңызды бастамаларды соңына дейін жеткізу жаңа депутаттарға аманат дейді.
РИЗАТ ТАСЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:
Өткен мәжілістен 50-ге жуық заң жобасы мұра ретінде қалып отыр. Соның арасында 2023 оған дейінгі заң жобалары қаралмай қалған. Заң жобалары бар. Біз ықпалды Құрылтай дейміз ғой. Мысалға, кейбір кездері 90 пайыз заң жобалары Үкіметпен ұсынылатын. Соңғы 8-шақырылымда бұл диспропорция бұзыла бастады. Яғни тікелей депутаттардың бастамасымен заң жобалары да жүзеге аса бастады. 36 заң жобасы бар. Енді, міне, осы Құрылтай тікелей депутаттық бастамашылдықты толыққанды жүзеге асырып, заң шығару үрдісіндегі Үкімет арасындағы қалыптасқан диспропорцияны бұзады деген үлкен сенім бар.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Депутаттар заң қабылдаумен шектелмей, қоғамда мәдениет пен этиканы дәріптеуге ден қоюы қажет. Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың шымылдығын ашқан Мемлекет басшысы халық қалаулыларына жүктелген негізгі басымдықтарды айқындап берді. Бұл ретте ұлттық мүдде, жұртшылықты толғандыратын мәселелермен қатар қаралып, асқан ұқыптылықпен атқарылуы тиіс.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Түптеп келгенде, Құрылтай еліміздің заңнамаларын заман талабына сай жаңғыртуы керек. Ұлттық мүддені, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты жедел әрі сапалы атқарған жөн. Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз. Жаңа этиканы қалыптастыру ісі ел алдындағы азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына байланысты екені сөзсіз.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары жаңа құрамның алдына үлкен міндет жүктейді. Әлбетте оны үйлестіруге жаңа спикер жауапты. Тарихи жиында Құрылтай спикері кім болады деген мәселе талқыға салынды. Мемлекет басшысы аталған лауазымға Айбек Дәдебайды ұсынған еді. Жасырын дауыс берген 145 депутаттың 144-і бұл кандидатураны қолдады.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президентіміз алдағы жұмыс бағытымызды және нақты міндеттерді айқындап берді. Елімізде жүзеге асып жатқан реформалар ауқымы бізден байыпты шешімдер мен кәсіпқойлықты және қажырлы еңбекті талап етеді. Сонымен қатар әр заңның, әр шешімнің артында нақты мақсат тұр. Ол — еліміздің одан арғы дамуын қамтамасыз ету, мемлекетімізді нығайтып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру. Бұл жұмыстың негізінде халқымыз жаппай қолдаған жаңа Конституцияның құндылықтары мен қағидаттары жатуы тиіс. Басты міндет — оң өзгерістер нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табатын, заң мен тәртіп орныққан Әділетті Қазақстанды бірге құру ісін жалғастыру.
Президенттен пәрмен алған депутаттар ант беріп, мандатына сай міндетін жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Осы орайда көмбеден көрінген халық қалаулыларын әңгімеге тарттық. Құрылтайдың алғашқы депутаты болу мәртебесі бұйырған Диқан Қамзабекұлы ғылым мен білімді дамытуға күш саламын дейді.
ДИҚАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Заң шығарушы билік, атқарушы билік, қоғам да бірігетін мәселелер көп. Оның өзінде қоғамдағы сана өзгеруі керек деген, біраздан бері Президент жақсы ойлар айтып жатыр. Тарихтан тек сабақ алуымыз керек. Сабақ алуымыз керек. Сонымен бірге алға қарай жылжуымыз керек. Өткен дүниенің бәрі сабақ үшін. Бірақ алға жылжу — ол жасампаздық. Қазір ғылым-біліммен игермесек, және соған байланысты біраз жұмыс атқарылуы тиіс.
Құрылтайға әркімнің-ақ бар таласы. Бірақ оның алғашқы депутаты болу мәртебесі екінің біріне бұйырған жоқ. Бұған дейін Мәжілісте өткір мәселелер көтеріп, шенділердің шаңын қаққан бірқатар азаматтар парламентке енбей қалды. Солардың бірі — экс-депутат Ирина Смирнова. Партиясы бәйгеде мәреге жете алмағанымен, біз аламаннан біржолата кеткен жоқпыз дейді.
ИРИНА СМИРНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ЭКС-ДЕПУТАТЫ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бізде бірнеше рет әкімшілік ресурс ауысты. Әсіресе сайлаудың алдында бұл жағдай оңайға соқпайды. Қорытындысы шықты. Оны өзгерте алмаймыз. Сайлауда біреулер өтпей қалады, біреулер мінберден көрінеді. Ол заңдылық. Бір межелі пайыз жинай алмадық деп еңсемізді түсірмейміз. Құрылтайға өтпесек те партия жұмысын жалғастырады. Мүмкін бұл жұмысты жүйелеп, тың күшпен қайта тұруға мүмкіндік шығар.
Ал Мәжілістің 8-шақырылымында сапта болған Жарқынбек Амантайұлы бұл жолы мандатын қайта алды, статусын сақтап қалды. Ол заң шығарушы органның өзгеріп, жаңарып тұруы қалыпты құбылыс. Депутаттық корпустың білікті һәм білімді мамандардан жасақталғанына сенімді.
ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Әркім әр өңірден, әртүрлі ортадан, сондықтан біреу тануы, біреу танымауы мүмкін. Әр саладан келіп жатыр. Мысалы, өмір бақи энергетикада, шахтада жұмыс жасаған әріптестеріміз бар. Жұлдыз емес қой олар, тележүргізуші емес танымал болатын. Олар өз саласының мамандары. Белгілі заңгерлер, қоғам белсенділері, өнеркәсіптен келіп отырған, ауыл шаруашылығынан келіп отырған азаматтар бар. Жұртшылық олардың кәсібилігіне уақыт өткен сайын куә болады деген ойдамыз.
Құрылтайдың жұмысы барынша оңтайландырылған және заманауи талаптарға сай бейімделген. Заң шығару үдерісін жеделдету мен халық үнін билікке тікелей әрі ашық жеткізуге басымдық беріліп отыр.
РИЗАТ ТАСЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:
Бұрын регламент бойынша комитеттер саны 7-ден аспауы тиіс болса, қазір 8 комитетке дейін ұлғайтылды. Регламент барлығы жаңашадан жасалды. Одан бөлек заң шығару үрдісі, яғни оқылымдар саны да азайып отыр. Мысалы, екеуі жоғары палатада, екеуі төменгі палатада, одан бөлек заң жобасын қайтарып жіберу мәселесі бар. Одан кейін Президентке танысуға және қол қоюға беретін уақыт бар. Оның барлығына қарасақ, кейбір заң жобалары бір жылдан 3 жылға дейін уақыт алатын кездері бар.
Иә, мұндай тәжірибе жер-жаһанда кеңінен қолданылады. Әлем елдерінің шамамен 60%-ы осы жүйемен жұмыс істейтін көрінеді. Бұл қатарға енді Қазақстан да қосылды. Таяуда саяси науқанға келген халықаралық байқаушылар жаңа жүйе елдің саяси құрылымын тиімді басқаруға мүмкіндік беретінін айтқан еді.
ДОМЕНИКО ПАЛЬМИЕРИ, «ISTITUTO ITALIANO PER L’ASIA» БАС ХАТШЫСЫ / ИТАЛИЯ:
Италия қос палаталы парламент жүйесімен жұмыс істейді. Меніңше, бір палаталы парламентпен жұмыс істеу әлдеқайда тиімді. Мысалы, бізде 600 парламентарий бар. Сондықтан дауыс беру, шешім қабылдау үрдісі көп уақытты алады. Ал 145 депутатпен жұмыс істеу де оңтайлы деп есептеймін. Қазақстанның бір палаталы құрылтай жүйесіне көшуі елдің саяси жүйесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді деп сенемін.
Ғасырлар бойы ел тағдыры таразыланып, маңызды мәселелер ортаға салынған Құрылтай ұғымы бүгін заманауи сипатта қайта жаңғырды. Бұл — жай ғана билік жүйесінің өзгеруі емес, бұл — ең алдымен азаматтық қоғамның қалыптасуы мен халықтың саяси жауапкершілігін арттыруға бағытталған қадам. Ең бастысы — халық жүктеген аманат пен жаңарған заң талаптарын адал орындау. Ал оның нәтижесін уақыт пен елдің әл-ауқаты көрсетеді.