Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 36 қаралым

Байланыстың кесірінен көше кезіп кетті

Түркістан облысы, Арыс қаласында интернет мәселесі өзекті болып тұр. Салдарынан Саналы ауылының тұрғындары байланыс іздеп, көше кезіп кетеді. Ал бітіруші түлектер онлайн сабақтарын дұрыс оқи алмай, тіпті ҰБТ-ға дер кезінде жазыла алмай әбден мезі болған. Жауаптыларға шырылдағанымен, әне-міне істейміз деп шаштарын ағартыпты.

Саналы ауылының тұрғыны 66 жастағы Пернекүл Рүстемованың көрген күні осы. Қалаға кеткен балаларынан хабар алу үшін дұрыс байланыса алмай, интернет арқылы сөйлесе алмай әуре-сарсаңға түсіп отырады. Амалдың жоқтығынан ұл-қыздарына деген сағынышын басу үшін көше кезіп, байланыс ұстаған жерде тапжылмай тұруға мәжбүр. Оның өзінде бірде бар, бірде жоқ.

ПЕРНЕКҮЛ РҮСТЕМОВА, САНАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кейде жынданып боқтап-боқтап аламыз. Бәле болды ғой осы сеть деген қашан болады екен деп. Сөйтіп келе жатырмыз алысып сетьпенен. Сөйлесе алмаймыз, үйдің ішінде шықпайды, есік алдында да шықпайды. Дарбазадан шығып көшеге қаңғырып кетеміз сеть іздеп.

Тіпті кей кездері көшеде де байланыс құрып кеткен кезде, ауыл тұрғындары өре тұра елді мекеннен 5 шақырым жердегі мұнараның түбіне барады. Ғаламторға байланған жұмыстарын бітіру үшін бірі ноутбуктарын алып, сағаттап сол жерде отыруға мәжбүр. Қалғандары байланыс орнату үшін телефондарын көкке қарай созып әлек.

ӘЛІБЕК АБДУЛЛАЕВ, САНАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осыған жаяулатып келеді, көлігі барлар көлігімен келеді. Әйтеуір интернет ұстату керек. Соған бола осы жерге келеді. Байланыс жоқ. Нөл. Сеть жоқ болып қалады. Ал біз оған пәленбай ақшаға интернет салдырып отырмыз, мысалға.

Ең сорақысы, интернеттің зардабын бітіруші түлектер тартып жүр. ҰБТ тапсыруға қалаған күнінде жазыла алмайды. Онлайн дайындықтарын дұрыс оқымайды. Салдарынан грантқа үміткер біраз оқушы жаңа оқу жылынан бастап ақылы білім алуға мәжбүр.

ӘЙГЕРІМ БАЗАРБАЙ, САНАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Соның кесірінен біз грант үміткерлері бола алмадық. Және де біз сеть іздеп, көрші ауылға да барған кезімізде болды. Ана жақта жаңағы телевышка бар, сол жақта сеть шығады. Сол жаққа барып, сол жақтан сеть іздеп, өзіміздің қаламаған күнге тіркелдік. 100-ден 80 пайызы ҰБТ құлады интернет кесірінен.

Ал байланысқа жауаптылар жылдың соңына дейін барлығын реттейміз деп отыр. Қазір жер беру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ауылдықтардың интернеттен қиналып отырғанын өздері жақсы біледі және тексеру жұмыстарын жүргізіпті. Осылайша, жауаптыларға бірнеше мәрте хатпен шыққан.

ТҰРАР МАХАМБЕТОВ, АРЫС ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БӨЛІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:

Биыл август айының басынан бастап Kcell операторы анықталды. Өзінің базалық жаңа станциясын орнатып беретін болды. Қазіргі таңда жер беру процесі жүріп жатыр. Координаттары анықталып, сол жерге жаңадан базалық станция орнатады.

Сондықтан Саналы ауылының тұрғындарына бірнеше ай шыдауға тура келіп тұр. Ал тұрғындар өз кезегінде жауаптылар берген уәдесі дер кезінде орындалса екен деп отыр.

← Барлық жаңалықтар