Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 16 қаралым

Үшем мен егіздер 1-сыныпқа барды

Бүгін — еліміз бойынша 4 миллионнан астам оқушының жүрегін қуанышқа бөлеген ерекше күн. Білім күні дәстүр бойынша жаңа маусымды бастап, мектеп қабырғалары балалардың шат күлкісіне толды. Биылғы оқу жылының алғашқы қоңырауы республика бойынша 380 мың бүлдіршін үшін ерекше сәтпен басталды. Олар алғаш рет алтын ұяның табалдырығын аттап, жаңа өмірге қадам басты. Әсіресе елордадағы №37 мектеп-лицейінде бүгін нағыз тарихи күн. Мұнда алғашқы қоңырау соғылған сәтте үшемдер мен егіздер қатар келіп отыр.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Бүгін 1 қыркүйек — Білім күні. Жазғы 3 ай каникулдан кейін мектеп қабырғалары қайтадан балалардың қуанышты шат күлкісіне толды. Біз бүгін елордада орналасқан №37 мектеп-лицейіне келдік. Бүгін тарихи күн, себебі мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің арасында үшем мен егіздер бар екен.

Биылғы оқу жылының алғашқы қоңырауы 380 мың бүлдіршін үшін ерекше қуанышқа толы сәтпен басталды, олар алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оқу жылында республика бойынша жаңа 57 білім ордасы есігін айқара ашты. Жалпы есептегенде, еліміздегі 8 мыңнан астам мектеп 4 миллионнан астам оқушыны құшақ жая қарсы алса, енді пайдалануға берілген мектептер 62 мың балаға заманауи білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бүгін астаналық мектептердің бірінде нағыз мереке орнады. Жаңа оқу жылының алғашқы күні бұл шаңыраққа үшемдер мен егіздер де қадам басып, қуаныштың ажарын аша түсті.

— Есімдерің кім? — Айтуған, Күнтуған, Нұртуған. — Бүгін мектепке кіммен келдіңдер? — Мамам, атам, әкеммен. — Енді сендерге сәттілік, елімізге, Отанымызға қызмет ететін азамат болыңдар, қазақстандықтарды бірге құттықтайық, иә. — Мереке құтты болсын!

Балақайлардың аталарымен де тілдестік. Қуанышымызда шек жоқ дейді.

БАҚЫТ МҰСАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үшем немеремнің 1-сынып аттап жатқан, алтын ұя мектеп осыған аттап жатқанына құттықтаймын, аса қуаныштамын. Оқулары үздік болсын.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша Білім күні қарсаңында өткен салтанатты жиын ата-аналар мен ұстаздарға, қуанышы қойнына сыймаған оқушыларға лық толы болды. Мерекелік шараның қадірлі қонақтарының қатарында жаңа сайланған Құрылтай депутаттары да бар. Өздері де білім саласында үздіксіз қызмет еткен Асхат Аймағамбетов пен Лаура Қарабасова да ақжарма тілектерін арнай келіпті. Мұндай сәттің ерекшелігін сезген кейбір ата-аналар бұл сәтті тұсаукесер рәсіміне ұластырып жіберді. Ал өз кезегінде халық қалаулысы бала шақтан болашаққа дейінгі білім беру жүйесінің үздіксіз дамуына ерекше мән берілетінін жеткізді.

ЛАУРА ҚАРАБАСОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Біздің мемлекетіміз білім мен ғылым саласын дамытуға үлкен мән береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің салаға ерекше назар аударып келеді, жүйелі түрде қолдап келеді. Сондықтан біз мектепке дейінгі тәрбиеден бастап, ең жоғарғы кәсіби мамандарды қалыптастыруға дейінгі үздіксіз білім беру жүйесін кешенді түрде қарастырамыз.

Иә, осылайша жаңа оқу жылы да өз жұмысын бастады. Оқушылар оқуда озат болсын дейміз. Ұстаз бен ата-ананың арасы бекем бірлікке бекінсе, білім иелері де, білім алушы да жаңа жетістікке жету үшін жан аямай еңбек ете бермек.

← Барлық жаңалықтар