Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 13 қаралым

Ақшамызды қайтарсын!

Сыр еліндегілер сенделіп жүр. Қолындағы қаражатын өзгеге ұстата салған ағайын дымсыз қалдық деп азар да безер. Айтуларынша, 36 жастағы келіншек олардан ақша алып, тіпті кейбіріне кредит рәсімдеп, соңында ұшты-күйлі жоғалған. Жеме-жемге келгенде сендерден бір тиын да алмадым деген бұрымдыны қазір күйінген бұқара сотқа беруге бекініп отыр.

Әйтеке би кентінің тұрғыны Мәншүк Әленова өз қаржысын ала алмай жүргендердің бірі. Айтуынша, бұдан бір жыл бұрын Қуанышкүл есімді құдашасы сеніміне кіріп, қарызға деп ақша сұрапты. Бар сомаға қанағаттанбаған туысына ақыр соңында микронесие алып беріпті.

МӘНШҮК ӘЛЕНОВА, ӘЙТЕКЕ БИ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазалы ауданында орналасқан алты жерден микрозайм алғызып, бір ай ішінде жауып беремін деді. Онымен тоқтамай, менің рулас жақын апамның үйіне барып, депозитінде тұрған 250 мың ақшасын шешіп алып, сол жерде кепіл ретінде жерінің құжаттарын тастап кетті. Міне, осыған сәйкес мен ізінде жүргеніме бір жылдан астам уақыт өтті. Иә, ақшам жоқ, иә, микрозаймым жабылған жоқ.

Дәл осылай қомақты қаржысын өз қолымен бергендердің қатарында әріптестері де бар көрінеді. «Несие алып берсеңіз, бір айда өзім жауып тастаймын» деген уәдеге сенген ер азамат ендігіде бала-шағасының аузынан жырып, қарызды өзі төлеп отыр.

ҒАНИ БЕКТІБАЕВ, ӘЙТЕКЕ БИ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кредит жақындап қалған кезде звондаймын, алмайды телефонын, бір күн қалған кезде звондаймын, алмайды. Жұмысқа келген кезде маған наличка он мың берді, одан кейін тағы сегіз мың берді. Сөйтіп-сөйтіп мені алдап келе жатыр бұл. Соңғы соткамен айтқан сөзі: енді мен кредитіңді төлеп отырмын, төлей алсам төлеймін, төлей алмасам мың теңгеден беремін деп мазақ қылып отыр.

Екеуі де Қазалы теміржол вокзалында жұмыс істейтін болған соң осы мекемеге бардық. Басшысы мәселеден хабар болғанымен, бірде-бір тәртіптік кеңес өткізбей, айқай-шуды басуға әрекет жасамапты.

АСЫЛБЕК ҚОСЖАНОВ, ҚАЗАЛЫ ВОКЗАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Енді ол жеке басындағы, өздерінің араларындағы шаруаларға менің құзырыма кірмейді. Должностной инструкциямда жоқ, өздері шешеді вокзалдың сыртында.

Ақша алған келіншек тұрғындардың бұл айыптауларын мойындамады. Оның айтуынша, өзіне берілген қарыздарды бөліп-бөліп барлығын қайтарған. Сондықтан ауыл тұрғындарының қазіргі талаптарын негізсіз деп есептейді.

ҚУАНЫШКҮЛ:

Қазіргі кезде ешкімге қарыз емессіз бе? Қарыз емеспін, міне, қағаз сөйлесін. Бәріне айтып тұрмын, сотқа барады ма, қай жаққа барады, барлығы қолымда тұр. Перепискада тұр, звонок та тұр. Барлығының ақшасын құтылып, қағазы тұр қолымда. Чектері тұр, мен ешкімге ешнәрсе қарыз емеспін.

Аудандық полиция бөлімі зардап шектік деген жандарға сотқа арыздануға кеңес беріпті. Фемида өкілдері осы дауға қатысты бір шағым келіп түскенін растады. Осылайша, екі тараптың айтқаны бір-біріне қарама-қайшы болып отыр. Бір тарап «ақшамыз қайтпады» десе, екіншісі «қарыздарымды бердім» дейді. Бұл іске қатысты нүктені алдағы уақытта сот өкілдері қоймақ.

← Барлық жаңалықтар