Сарбаздар Отан алдында ғана емес, банк алдында да борыштар. Биыл әскерге аттанған 30 мың жігіттің мойнында 7,5 миллиард теңге несие бар екен. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді. Яғни қару асынған әр азамат қаржы ұйымдарына кемі 250 мың теңге қарыз. Дегенмен олардың кредиті уақытша тоқтаған. Тіпті Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін де тағы 60 күн несие төлемейді. Ал әскери қызметте жүргендерге жаңа несие берілмейді. Сол себепті банктер мен микроқаржы ұйымдары деректерді жіті тексеруі тиіс. «Мемлекеттік несие бюросының» мәліметінше, соңғы екі жылда 82 мың сарбаздың 24 миллиардқа жуық кредиті уақытша тоқтапты.