«Мұғалімдердің де жеке өмірі бар». Оқу-ағарту министрі таңнан кешке дейін балаға білім беріп, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін ұстаздарды жақтап, ата-аналарға үндеу жариялады. Әсіресе, жұмыстан тыс уақытта ортақ чат арқылы толассыз сұрақ қойып, мазалауды доғару керек, — дейді Жұлдыз Сүлейменова. Дегенмен министрліктің мақсаты — ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы байланысты шамадан тыс шектеу емес. Қарым-қатынас белгілі бір ережелер мен өзара құрметке негізделуі тиіс. Осылай деген ведомство басшысы ата-аналар чатындағы хат-хабар алмасудың тәртібіне регламент орнату қажет деп есептейді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Әрине, сабақ біткеннен кейін өте бір жедел, өте бір маңызды ата-аналардың сұраныстары болуы мүмкін. Ол кезде ұстаздарымыз міндетті түрде ата-аналарға хабарласып, мәселенің шешіміне атсалысатын болады. Бірақ кез келген болатын, болмайтын, ұсақ-түйек мәселемен біздің ұстаздарымызды мазаламаса екен деген бір қоғамдық әдеттің, қоғамдық этиканың жаңа нормасы туралы менің ұсынысым болды.