Пайызсыз ақша аламын деп бақыр тиынсыз қалды. Маңғыстау облысында 70-тен астам адам қаржылық пирамиданың құрбаны болған. Жәбірленушілердің айтуынша, ерлі-зайыптылар алдымен үстемесіз несие береміз деп арбапты. Ал енді бірін бизнесімізге инвестор болыңыз деп алдапты. Ол аздай, заңсыз қолма-қол ақша айналдырумен де айналысқан. Сөйтіп, 350 миллион теңге қаржыны қалтасына басқан. Бір ауданның халқын сан соқтырғандар қылмыстық іс бойынша алты жылға сотталыпты. Ал сотталғандардан соқыр тиын ала алмасын біліп, отбасының өзге мүшелеріне азаматтық арыз түсіргендер әділдік таппай әлі жүр.
НҰРБЕК МҰСАБАЕВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Азаматтық талап бойынша бергенмін бірінші аудандық сатыда. Маған оң шешім шығарған. Сосын бұл кісілер маған келіспей, апелляциялық шағым береді ғой Маңғыстау облысы бойынша. Мені де қатыстырған жоқ, солмен өтіп кеткен. Олардың пайдасына шешілген. Шыны керек, біз артынан білдік. Бұл пирамида болып тұр ғой. Бәрінен ақшаны алып, біздің ақшамызды басқа біреуге беріп. Солай бір-бірінен өздерінің үлестерін көріп, алаяқтықпен. Тек мен емес бұл жерде, шыны керек.
Шетпеден шыққан шу осылайша Астанаға жетіпті. Алаяқтарға сеніп, 11 миллион теңгесінен қағылған Нұрбек Мұсабаев кассациялық сотқа шағым берген. Ал азаматтық істе айыпты болған өзінің құдасы көрінеді. Алайда ол тілшілерге сұхбат беруден бас тартты. Ал Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот облыстағылардың солақай шешімін терістеп, алған ақшаны толығымен қайтару туралы қаулы етті.
АҚМАРАЛ ДАНЕНОВА, ҚР АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КАССАЦИЯЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Талап қоюшы Нұрбек Қайратович Мұсабаевтың пайдасына 11 миллион 300 мың теңге, өкілдің көмегіне және мемлекеттік баж төлеу бойынша сот шығындары 363 мың теңге, барлығы 11 миллион 663 мың теңге өндірілген бөлігі күшінде қалдырылсын. Мемлекеттік бажға төленген 57 483 теңге сот шығыны өндірілсін.