Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Елордада Astana Finance Days форумы өтіп жатыр

Бұрын цифрлық теңге, блокчейн, токенизация деген сөздерді тек кинодан естіп, ірі қаржы ұйымдарының жаңалықтарынан көретін едік. Енді бұл ұғымдар елімізде нақты қолданысқа еніп, жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып отыр. Бүгін дәл осы мәселелер Astana Finance Days форумында айтылып, халықаралық ұйымдар бас қосты.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Бүгін елордада басталған Astana Finance Days форумына жалпы актив көлемі 26 триллион доллардан асатын әлемнің алпауыт компаниялары қатысып жатыр. Еліміздегі мұндай жиынға ден қоюы олардың Қазақстандағы қаржы секторына зор қызығушылық танытып отырғанын білдірсе керек. Екі күнге жалғасатын іс-шарада түрлі тақырып талқыланады.

Бүгінгі жиында мамандар ең алдымен әлемнің қаржы жүйесіндегі өзгерістер жайлы сөйлесті. Соның ішінде, әрине, цифрлық активтер, жасанды интеллект, есеп айырысудың жаңа формалары және капиталдың шексіз айналымы бар.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:

Блокчейн, криптовалюталар, стейблкоиндер және дәстүрлі қаржы жүйелерінің арасындағы жаңа тетіктер пайда болғаннан кейін, қаржы жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырай бастады. Сондықтан, меніңше, біз әлі де осы саладағы ережелерді қалыптастыру кезеңіндеміз. Негізі орталықтана қоймаған цифрлық қаржыға және криптоқаржыға қатысты бірыңғай жаһандық ережелер жиынтығы әлі қалыптасқан жоқ. Сол себепті көптеген елдің қаржы институттары ақшалай қызмет жүргізудің жаңа тетіктерін табуға тырысып жатыр.

Сондай-ақ тау-кен саласын дамыту үшін инвестиция тарту жайы да сөз болмақ. Осы бағытқа ақша салуға ниетті жомарт жандарға Қазақстанның табиғи ресурстары мен инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылады. Жаңа технологияларды енгізу, өндірісті жаңғырту және шетелдік капиталды тарту мәселелері талқыланады.

ЖАНБОЛАТ КӘКІШЕВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨНІМДЕР ЖӨНІНДЕГІ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Тау-кен саласында Junior Mining деген кластер бар. Ол тау-кен зерттеуінде жүрген кәсіпкерлер әлі тау-кен бар екенін дәлелдеген жоқ. Бірақ сол үшін қаржы тарту өте қиын. Себебі бұл жобада тәуекелдер өте көп. Сондықтан біздер Junior Mining деген жобаны бастап, осы жолы MineX деген форумда хабарладық. Зерттеуде жүрген кәсіпкерлер өтінімдерін тапсырды.

Форумға жалпы 90 мемлекеттен 8000 қатысушы жиналып отыр. Олардың бірі өзінің бизнесін қолдайтын инвестор іздесе, енді бірі еліміздің энергетикасын дамытуға үлес қосудан ниетті.

МАРИЯМ РАШЕД ӘЛ-МАЗРУИ, БИЗНЕС ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ДИРЕКТОР (БАӘ):

Қазақстан – энергетиканы дамыту бағытындағы басты мемлекеттердің бірі, стратегиялық серіктесіміз. Қазір біз Жамбыл облысында жел қуатын дамыту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Энергетика министрлігімен тығыз байланыстамыз. Тағы бір жобамыздың құрылысы аяқталуға жақын. Енді осы форум аясында қуаты 2 гигаватты құрайтын жоба бойынша келісімшартқа қол қоямыз деп үміттенемін.

Айта кету керек, форум бұған дейін 8 рет өтті. Соның нәтижесінде Қазақстанға 27 миллиард доллар қаржы тартылған.

РИНАТ БЕКТҰРОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

Мысалы, өздеріңіз білесіздер, 2 жыл бұрын креативті индустрия туралы сөз ретінде талқыласақ, қазір бірнеше қор бар. Қорлардың қаржыландыруымен фильмдер шығып жатыр. Біздің еліміз, менің ойымша, цифрлық қаржы нарығын дамытуда алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. 8 жыл бұрын АХҚО аясында бастасақ, қазір Ұлттық банк, реттеуші агенттігіміз де барлығы осы саланы дамытуда.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Форумның тағы бір маңызды бөлігі – қаржы секторына бағытталған көрме платформасы жұмыс істейді. Мұнда банк өкілдері, қаржы институттары және активтерді басқарушы ұйымдар өз өнімін таныстырып, серіктестермен келіссөз жүргізеді. Бұл осы саладағы жаңа іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік беретін алаң болмақ.

← Барлық жаңалықтар