Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 1 қаралым

Отандық өнімнің үлесі қанша?

Өңдеу өнеркәсібіне құйылған қаржы қомақты, бірақ өсім мардымсыз. Соңғы 16 жылда салаға 10 трлн теңге бағытталған. Сонда да импортқа тәуелділіктен арыла алмай келеді екенбіз. Бүгін Үкімет сағатында Құрылтай депутаты Наталья Годунова осындай олқылықтың бар екенін жайып салды. Оның айтуынша, қазір еліміз 29 млрд доллардың тауарын экспорттаса, шеттен келетін өнім көлемі 61 млрд долларға дейін өскен. Осы орайда отандық өнімнің үлес салмағын саралап, айырмашылығын бағамдап отырған бірде-бір мемлекеттік орган жоқ, — дейді депутат.

НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Біздің деректеріміз бойынша, 2010 жылдан бері өңдеу секторының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,3 пайыздан 12,8 пайызға дейін өсті, яғни өсім небәрі 1,5 пайыздық тармақты құрады. Мұндай өсім мемлекеттік қолдаудың ауқымына сәйкес келеді деу қисынсыз. Өнеркәсіп саясаты ең алдымен қосылған құнның өсуі, еңбек өнімділігінің нақты артуы, қайта өңдеу тереңдігі, импортқа тәуелділіктің төмендеуі және жеке инвестициялар ағыны бойынша бағалануы қажет.

Өңдеу өнеркәсібінде металлургия саласы жетекші орында. Оның жалпы көлемі 40 пайыз. Бүгінде бұл салада 109 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр. Яғни саланың экономикадағы үлесімен қатар, халықты жұмыспен қамтуда да маңызды рөл атқарады.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

2024 жылдан бастап үш жыл қатарынан өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі тау-кен саласынан жоғары болып отыр. Соңғы үш жылда өндіріс көлемі 14,5% өсті. Салаға тартылған инвестиция көлемі екі есе артып, 3 триллион теңге болды. Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсті. Айта кету керек, бұл соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

← Барлық жаңалықтар