«Ауыл аманатынан» ақша алып қарық болғандар, «Сыбағамен» кәсібін көтеріп, «Кең дала» жобасымен көсегесі көгергендер жайлы жиі естиміз. Ауылдағы ағайынның бизнес бастап, берекесін арттыруға бағытталған бағдарламалардың саны көп. Ал сапасы ше? Бүгін дәл осы мәселені көтерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев миллиардтар жұмсалған жұмыстың сұрауын алатын сәтке келдік деді. Салада қуантатын һәм мінсіз ақпараттарға қарық болдық, бірақ нәтижесін тексеру керек деген Мемлекет басшысы Үкіметке тың тапсырманы жүктеді.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Егістік басында маңдай терін төгіп, жайылымда төрт түліктің бабын жасаған екі мыңнан астам делегат бүгін Астана төрінде бас қосты. Биыл қазақстандық диқандар 24,5 миллион тонна астық жинап, соңғы он бес жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізді. Дегенмен, мол өнім саланың әлеуеті толық игерілді дегенді білдірмейді. Форумда шаруаларды қолдау, жер мен суды тиімді пайдалану және агроөнеркәсіпке заманауи технологияларды енгізу мәселелері көтерілді.
Соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығындағы азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды. Агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады. Оның 52 пайызы өңделген өнім.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды.
Ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» секілді бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Үкіметке олардың тиімділігіне күмән келтіріп, жан-жақты талдау жасауды тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе.
Мемлекет басшысы ауылды дамытуға үлес қосатын шаруалардың әлеуметтік жауапкершілігіне де тоқталды. Мемлекет туған жерінің өркендеуіне үлес қосатын, ауылдастарының игілігін ойлайтын адал фермерлер мен іскер шаруаларға әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді. Алайда…
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жерден пайда тауып жүргенімен үлкен қалада немесе шетелде тұратын бизнесмендер де бар. Олар тіпті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді. Осы орайда заңды сауал туады. Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес.
«Ердің атын еңбек шығарады» деп сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы ауыл шаруасындағы күнделікті маңдай терді елдің өркендеуіне қосылған елеулі үлес деп бағалады.
ҚАНАҒАТ ТӘУІРТАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ:
Пайдалы болғымыз келеді. Қарапайым мал бағу ғой. Ешқандай керемет несие де, керемет инвестиция да емес. Қарапайым мал бағып, Құдайға шүкір, қазір екі жүзге жуық малымыз, екі жүзге жуық қазақы жылқымыз бар. Жүз елуге жуық бие сауамыз. Құдайға шүкір, қаншама адамды жұмыспен қамтып отырмыз.
Биылғы қуаңшылыққа қарамастан, диқандар мол өнім жинады. Алайда алдағы жылдары климаттық ахуал күрделене түсуі мүмкін. 2027 жыл аптап ыстық болуы ықтимал. Сондықтан Президент ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқаруда климаттық тәуекелдерді ескеруді тапсырды. Астанадағы халықаралық ұйыммен бірлесіп, Қазақстан мен серіктестеріне арналған ұсынымдар әзірлеу көзделіп отыр.