Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Кептелістен қашан құтыламыз?

Алматыдағы әйгілі «Алтын Орданың» кептелісінен құтылар күн бар ма? Алматы облысындағы ағайын көлік нөпірінен зәрезап болғанын айтып, жыларман күйде жүргендерін жиі айтып жүр. Қараша кешқұрым басталатын қарбаласта үйге жетудің өзі мұңға айналды деп азар да безер. Жабайы сауда, бес жолақты жол һәм трассада қаңтарылған тұрғындар. Мәселенің шешілетін түрі бар ма?

Әйгілі «Алтын Орданың» кептелісінен қашан құтыламыз? Алматы облысының тұрғындары көлік тығынынан әбден мезі болғандарын айтады. Кешкі қарбаласта тіпті үйге жетудің өзі мұңға айналды деп жыларман күйде. Ал жолға жауапты компания өкілдері жөндеу жұмыстары келесі жылы желтоқсанда аяқталатынын айтады.

Алматының шығар тұсынан басталатын кептеліс Қаскелең көпіріне дейін созылады. Трассаны бес жолаққа дейін кеңейткенімен, мәселе шешілмеген. Ал дәл аялдаманың маңындағы жабайы сауда қозғалысты одан сайын қиындата түскен. Жолаушылар қоғамдық көлікке жанталасқанда құлап, жығылатын кездер де жиі болып тұрады екен. Ол аздай такси жүргізушілері дәл жолдың үстіне тоқтап жолаушы алатындықтан, кептелісті одан сайын ушықтыра түскен. Сондықтан жұртшылық автобус жолағы мен автокөлікке арналған жолдардың арасында бөгет болып тұрған бордюрлерді алып тастаса деген пікірде. Тұрғындар бұл жолдың өздеріне өте қолайсыз екенін айтады. Әрі заңсыз сауданы тоқтатып, жолдағы тәртіпті ретке келтіруді сұрайды.

МЕРЕКЕ, ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйге қайтқанға дейін екі-үш сағатқа дейін пробкада тұрамыз. Негізінен қай жерде болады пробкалар? Іргеліден шыққан жерде болады. БОКАД тұсында болады негізінен. Светофор бар ғой, меніңше, 19 ғой деймін. Сол жерлерде, негізгі сол жерлерде болады. Мына жерде автобустарға таласқаннан адамдар құлап жатады. Травма алып жатады.

ӘЛИНҰР, АЛМАЛЫБАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Автобусты, шыны керек, бір сағаттап, бір жарым сағаттап күтемін. Кешке қарай үйден осы жаққа келеміз де, қаладан КИЗ-ға барамыз ғой, 78 осы жерде постоянно пробка, жете алмаймыз, шыны керек. Сағат 11-де әзер жетеміз. Бетонный плита керек емес-ау деймін. Оның орнына тағы бір полоса қосқан дұрыс па деп ойлаймын.

«Жол жиегіндегі жабайы сауданы кім реттейді?» деген сауалға жауап таба алмадық. Облыстық әкімдік бұл аумақ Алматы қаласына берілген деп отыр. Ал шаһар әкімдігі облысқа сілтейді. Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері жөндеу жұмыстары қазір қауырт жүріп жатқанын жеткізді. Биыл жолдың жиегін ағаштардан тазартып, инженерлік желілерді қайта орналастыруда екен. Барынша кептелісті болдырмауға тырысып жатқандарын айтады.

ЖАНАТ ӨТЕПБЕРГЕНОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ» АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бүгінгі таңда мердігер жер жұмыстары, инженерлік коммуникацияларды қайта құру және тағы да басқа дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы ағымдағы жылы қолданыстағы асфальт-бетон жамылғысын ешқандай бұзу немесе алу жұмыстарының жүргізілмейтінін хабарлайды.

Жоба Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. 8 жолақты жол салуға қазынадан 40 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Шілде айынан басталған жөндеу жұмыстарын келесі жылы желтоқсанда аяқтау көзделуде. Бүгінде тәулігіне 70 мың көлік қатынайды. Құрылыс аяқталған соң өткізу қабілеті артып, Алматы қаласына кіріп-шығу жеңілдейді дейді мамандар.

← Барлық жаңалықтар