Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Үлескерлер баспанасыз қалды

Алматыда бүтін бір үйдің жұрты баспанасыз қалды. Әкімдік бұқара тұратын нысанды бұзуға пәрмен берген. Жиырмадан астам отбасы қазір жалдамалы пәтерлерді жағалап, жыларман. Төрт жылдан бері ғимарат бұзылып, орнына жаңасы салыну керек болған. Бірақ жоспар орындалмапты. Мемлекеттік реновация бағдарламасына іліккен үлескерлер енді қайтпек? Ескі әрі апатты деп танылған үйдің келешегі не болмақ?

Қабырғасы қирап, терезесі сынып, қасбеті де үгітіліп тұрған бұл тұрғын үйдің бәрі әлдеқашан сүрілуі тиіс еді. Орнына мемлекеттік реновация бағдарламасы аясында жаңа көпқабатты нысан соғылып, заманауи пәтерлер жұртқа беріледі деп жоспарланған. Жарнамасы жер жарған соң, жұрт мердігерге сенген. Бірақ төрт жылдан бері не құйған ақшасы, не үйі жоқ, далада қалыпты.

НАЗГҮЛ ЖҮНІСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осы жерге мен договорыма отырдым. Сөйтіп, 14 млн 550 мың теңге салдым. Біз екінші кезекті бастайын деп жатырмыз, Сүлейменова, 28-де ЖК Мане деп аталады. Кешке өткен сайын мен ол жерден сурет жіберемін, Камила, мына үйлер әлі бұзылған жоқ қой. Не боп жатырсыңдар деп, жоқ, документ дайындап жатырмыз, жақсы жаңалық болайын деп жатыр. Олар маған ақшаны қайтарған жоқ.

Дәл осылай тапқан-таянғанын әлі құрылысы басталмаған баспанаға 100-ге тарта отбасы ақша салыпты. Ескі екі қабатты тұрғын үйлер түбегейлі сүріліп, жаңа нысанға қоныстануға үміттенген бәрі. Кейбірі үйін сатып, шаршы метрі арзанына қызығып, бірнеше пәтерге қомақты қаражат құйған.

РАУШАН БАЙЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір біз пәтер жалдап тұрамыз. Не баспанамыз, не ақшамыз жоқ. Әйтпесе, 2022 жылы осы мемлекеттік бағдарлама деген соң сеніп, 16 млн теңге құйған едік. Ол кезде көп ақша, үлкен баспана алуға мүмкіндігіміз болған. Енді ол ақша құнсыз. Күннен-күнге пәтердің шаршы метрі қымбаттап жатыр. Ал ескі ғимараттар сол бойы тұр, қозғалмай.

Сөйтсе, қатар тұрған ескі тұрғын үйлердің жерін бірнеше компания сүріп, жаңа құрылыс бастауы керек еді. Сол жердегі жұртқа өтемақы төлеуге немесе жалдамалы пәтерге орналастыруға уәде еткен. Бірақ 65 отбасының тек жартысы ғана келісіп, қалғаны келіспеген соң, үйлер сүрілмей тұр. Демек, мердігер үлескерлерге құр ауа сатқан деген сөз.

НҰРЛАН ЖЫЛШЫБЕКОВ, «ALMATY RENOVATION» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«UAR Group» мердігер компаниясы келісімшартта көрсетілген бірде-бір міндетті орындамағандықтан, біз 2024 жылы келісімшартты бұздық. Сөйтіп, 2025 жылдың соңында ол компанияны сотқа бердік. Өйткені инвесторға көптеген ұсыныстар жасап, көмектесуге тырыстық. Олар бір нысанның барлық пәтерін сатып алып, тұрғындарды әуелі жайғастырып алу керек еді. Бірақ жартысы сүруге келіскен, жартысы сол жерде тұрып жатыр.

Қазір Сүлейменов көшесіндегі жер телімдерін қайта конкурсқа шығару мәселесі қаралып жатыр. Ал жиырмаға жуық отбасының салған ақшалары қайтарыла ма, әлде көптен күткен жаңа үйлері бой көтере ме, белгісіз. Үлескерлер сотқа да жүгінген. Әзірге нәтижесі шамалы.

← Барлық жаңалықтар