Қандай ән орындалса да, автордың еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс.
Енді музыканың қайда пайдаланылғаны, қанша рет шырқалғаны және иесіне қанша қаламақы тиесілі екені анық көрінеді. Елімізде осы процестерді бақылауға арналған QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасы енгізіліп жатыр.
Әділет министрлігі БАҚ өкілдеріне оның жұмыс тәртібін таныстырды. Басты мақсат — авторлық құқықты қорғау, өзгенің еңбегін заңсыз пайдалануға тосқауыл қою және тиісті сыйақының иесіне жетуін қамтамасыз ету. Қазірдің өзінде жүйеге мыңдаған адам тіркелген. Толық іске қосу келесі жылдың қаңтарына жоспарланыпты.
Сабит Ахметов, ҚР Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директоры: «Біз әзірлеген бұл платформа авторлық құқық саласындағы барлық процесті барынша ашық көрсетеді. Қазір жүйеде телеарна мен радио бағыттары жұмыс істеп тұр. Заңға сәйкес, олар табыстың 1 пайызын сыйақы ретінде төлеуге міндетті. Алдағы уақытта платформаға театрлар, кинотеатрлар, кафе-мейрамханалар, барлар, караоке және музыка пайдаланатын өзге де орындар кезең-кезеңімен қосылады. Осылайша, ән қай жерде орындалса да, автордың еңбегі мен оған тиесілі сыйақы есепке алынады».
Қуат Құдайберген