Ақтөбеде тасқын сайын су шайып кете беретін көпірдің орнына жаңасы салынды.
Нысан Байғанин ауданының Ащыағыр аумағында орналасқан. Ол Оймауыт, Миялы және Баршақұм секілді ауылдарды байланыстырады. Үш елді мекенді қосқанда 1 700-ге тарта тұрғын бар.
Көктемгі тасқын сайын көпірді су алып, сол маңдағы халық қатынастан қиналып қалған еді. Мәселе биыл шешімін тапты. Қазынадан қаражат бөлініп, құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Ұзындығы — 29, ені — 12 метр өткел пайдалануға дайын тұр.
Айбек Көпенов, Байғанин ауданының әкімі: «Көктемгі су тасқыны кезінде Сағыз өзені тасып, бірнеше рет өткелді шаю фактілері орын алған болатын. Былтыр облыс басшысының қолдауымен жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, биыл толық аяқталды. Осылайша, жаңа көпірдің салынуымен елді мекендердің арасындағы қатынас мәселесі, ең бастысы, қауіпсіздік мәселесі толық шешілді».
Ақбаян Сұлтанмұрат