Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 1 қаралым

Кәрім Көкірекбаев түрмеден босатылмайды

Пара алғаны үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін. Бүгін елді елең еткізген ақпараттың бірі осы болды. Денсаулығына байланысты өзін босатуды сұраған оның өтінішін Алматы облысының Алатау қалалық соты қанағаттандырған екен. Алайда мұндай шешім шығысымен өз позициясын білдірген өңір прокуратурасы бірден сот актісінің күшін жоюды талап еткен. Осыдан соң Алматы облыстық соты істі қайта қарап, Кәрім Көкірекбаевты денсаулық жағдайына байланысты жазасын өтеуден босату туралы қаулының күшін жойды. Өйткені, апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында бірінші сатыдағы соттың заң талаптарын өрескел бұзғанын анықтапты.

АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫ:

Істі қарау қорытындысы бойынша Алатау қаласы сотының қаулысының күші жойылып, ҚР ІІМ ҚАЖК-нің «№57 мекеме» РММ-нің сотталған адамды жазадан босату туралы ұсынысын қанағаттандырудан бас тартылды. Сонымен қатар апелляциялық сот алқасы сотталған адамды жазадан босату қажеттігі туралы негізсіз қорытынды берген бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты жеке қаулы шығарды. Бұл мәселе бойынша Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне тиісті шара қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жеке қаулы жолданды.

Еске салайын, 2022 жылы Кәрім Көкірекбаев «Қазселденқорғау» мекемесін басқарып жүргенде мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған еді. Тергеу дерегінше, ол сыбайластарымен ауыз жаласып, мердігерлердің іс жүзінде атқарылмаған жұмыстарына қол қойып, мемлекетке 2 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген. Алайда бұл істің нүктесі бірден қойылған жоқ. 2024 жылы алқабилер экс-шенеунікті ақтап шығарды. Бірақ прокуратура мұнымен келіспей, апелляциялық шағым түсіріп, үкімнің күшін жойдырған-тұғын. Сөйтіп ол 12 жылға, оның қасындағы екі сыбайласы 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

← Барлық жаңалықтар