Интернеттегі алаяқтардан сақ болыңыздар! Алматыда жоқ пәтерді жалға беремін деп, тұрғындарды сан соқтырған алаяқ ұсталды. Полицияның дерегінше, күдікті әлеуметтік желіде жалған хабарландыру жариялап, тұрғындардан алдын ала төлем алып отырған. Алайда көрсетілген мекенжайда ондай баспана мүлде жоқ болып шықты. Тергеу барысында айлакердің дәл осындай тағы 32 қылмысқа қатысы бары анықталыпты.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Пәтер іздеген адамдар хабарландыруға сеніп, жалға алуға өтініш білдірген. Алайда тартымды ұсыныстың артында алаяқтық әрекеті тұрған. Уәде етілген пәтерге қол жеткізе алмаған адамдар ақшасынан айырылған. Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың осыған ұқсас 32 алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Күдікті ұсталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.