Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 24 қаралым

Дипфейктің кесірінен 7 млн теңгесінен айырылды

Әлеуметтік желідегі алаяқтарға сенген талдықорғандық тұрғын әп-сәтте 7 млн теңгесінен айырылып қалды. Айлакерлер оны акция сату арқылы мол табысқа кенелесіз деп алдапты. Бас прокуратураның дерегінше, кейінгі жарты айда осындай 100-ге жуық факт анықталған. Сөйтсек, олар танымал адамдар мен компаниялардың, банк басшыларының бейнесінен дипфейк жасап, көпшілікті құрығына түсіреді екен. Сорақысы — сұмпайылар түрлі телеарналардың, соның ішінде біздің каналдың жүргізушілерінің де түрін құйтұрқы әрекетіне пайдаланған. Келбетімізді, дауысымызды айнытпай салған. Сондықтан алдыңыздан «Еуразия» бірінші арнасы тізгіншілерінің, яғни менің немесе әріптестерімнің акция сатып алуға, инвестиция тартуға, белгісіз шотқа ақша аударуға үгіттейтін видеолары шықса, мүлде сенбеңіз. Құзырлы мекеме өкілдері де мол қаражат табуға үндейтін кез келген ақпаратқа илануға болмайтынын ескертті.

← Барлық жаңалықтар