Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Миллиардтарды жымқырған экс-банкир түрмеден шықты

RBK Bank-қа тиесілі 144 млрд теңгені жымқырған Жомарт Ертаев түрмеден шықты. 11 жылға сотталған оның әр күндері есептеліп, 6 жыл дегенде бостандыққа жетті. Яғни, ол сот тағайындаған жазасын заң бойынша толық өтепті. Десе де, мұнымен бәрі біткен жоқ. Абақтыдан шықса да, жауаптылар оны көзден таса қылмайды. Бұрынғы банкир алдағы жылдары тәртіп сақшыларының бақылауында болады.

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫНАН:

Жомарт Ертаев 6 жыл құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында болады. Әкімшілік бақылау құқық қорғау органдарының түрмеден босатылғаннан кейінгі адамның мінез-құлқын заңды түрде қадағалау үшін жүргізіледі.

Жомарт Ертаевтың аты қаржылық дауға алғаш рет 2009 жылы ілікті. Сол кезде ол «Альянс Банктен» ұрланған 1,1 млрд долларға қатысы бар деген айыппен қамауға алынды. Тергеу изоляторында тоғыз ай отырған соң шартты жазаға кесіліп, босатылды. Бірақ арада он жыл өткенде басы тағы дауға қалды. Сыйбаластарымен бірге Bank RBK-ның қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу жүріп, сот оны 2020 жылдың қараша айында 11 жылға темір торға тоғытты, кейін бұл мерзім 9 жыл болып өзгертілді. Артынша тағы бір былықтың беті ашылып, өзге де банктердің несие қаражатын қолды еткені үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды. 2025 жылдың қыркүйек айында амнистияға ілігіп, мерзімінен бұрын еркіндікке шыққанымен, көп өтпей бұл шешім өзгеріп, колонияға қайта қамалды. Ақыр соңында әйтеуір біржола бәрінен құтылып, шығыпты.

← Барлық жаңалықтар