Енді қабырғаға сурет салғандарға қатысты жаңа талап енгізілуі мүмкін. Ішкі істер министрлігі бұл әрекетке жеке бап қарастыруды ұсынып отыр. Жаңа норма рұқсатсыз салынған граффитилерге қатысты қолданылады. Вице-министр Игорь Лепёханың айтуынша, биыл вандализм бойынша 11 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал қабылданатын баптың нақты мазмұны мен құрылымы әлі белгіленген жоқ. Бұл мәселе Әділет министрлігі және басқа да мемлекеттік органдармен бірге пысықталады. Айта кетейік, өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық ғимараттардың қабырғасын рұқсатсыз бояйтындарға қатаң шара қолдануды тапсырған еді.
ИГОРЬ ЛЕПЕХА, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Негізі, граффити тек рұқсатпен салынуы керек. Егер ғимараттың қабырғасына немесе қапталына үлкен мурал салынса және оған әкімдік пен ғимарат иесінің рұқсаты болса, ешқандай мәселе жоқ. Ал біреу өз бетінше қандай да бір қоршауды «көркейтемін» деп сурет салса, қазіргі заң бойынша бұл – кемінде ұсақ бұзақылық болып саналады.