Елді елең еткізген Нұрай Серікбайдың қазасынан ес жия алмай отырғанда, тағы бір бұрымды бұрынғы жігітінің қолынан көз жұмды. Қанды қылмыс екі күн бұрын Семейде болды. 19 жастағы Диляра Сәлімбаеваның қыр-соңынан қалмаған қаскөй оны көшеге шақырған. Кейін екеуінің арасында ұрыс-керіс туындағанға ұқсайды. Бұл туралы марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жазды. Қызыл іңірде көзі қанталаған қандықол туған інісінің көзінше қыздың қолтық тұсына бірнеше мәрте суық қаруды сүңгіткен. Бойжеткен оқиға орнында қайтыс болды.
АЗАМАТ ҚҰЖЫКЕНОВ, КУӘГЕР:
Сабақтан балаларды әкеле жатқам. Сол кезде екі адам сөйлесіп тұрған силуэт көрдім. Содан үйге кіріп кеттім мән бермей. Содан бір бала жүгіріп келіп көмек сұрады. Шықсам мына арада бір қыз жатыр пышақталып. Қыз вроде тірі жатқан сияқты болды. Екі скорый келді. Тамыры ашылып кетті ме, бірдеңе болды ғой. Артерияны тесіп жіберген шығар.
Сол аралықта күдікті бой тасалап үлгеріпті. Куәгердің сөзінше, үйдің қоршауынан секірген кезде пышағын түсіріп алған көрінеді. Көп ұзамай тәртіп сақшыларының қолына түсті.
ЕРЖАН АҚҚАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Күдікті анықталып, жедел түрде ұсталды. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм таныс болған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Диляра қаладағы колледждердің бірінде үшінші курста оқыған екен. Білім ордасында үлгілі студенттердің қатарында болған деседі. Сол күні сабаққа да қатысыпты. Айдың күннің аманында ажал құшқан ару ертең Көкпекті ауданында ақтық сапарға аттанды. Айта кетейін, бұл соңғы айларда аймақта тіркелген осындай екінші қылмыс. Шілдеде Бородулиха ауданында 20 жастағы Дильназ Сабыржанқызы да бұрынғы жігітінің қолынан көз жұмған еді.