Мазмұнға өту
· 20 қаралым

Қорғаныс министрлігінде тексеру басталды

Қорғаныс министрлігі қарапайым сарбазға қорған бола алмады.

Қорғаныс министрлігі қарапайым сарбазға қорған бола алмады! Бұған бірінші кезекте саланы басқарып отырған ірі бастылардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі қайғылы оқиғалардан сабақ алмағандарды қатты сынап, Дәурен Қосановты қуып жіберді. Жаңа министрді тағайындап, кеңес өткізді.

Кеңес отырысы бір минуттық үнсіздіктен басталды. Көңілі жадау көпшілікке жұбату сөзін арнаған Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан сарбаздардың отбасыларының ешбірі қолдаусыз қалмайтынын жеткізді. Ал қайғылы жағдайға жол бергендер жазадан құтылмайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ашығын айтуымыз керек. Бейбіт күнде 14 сарбазымыздың өмірін жалмаған қайғылы жағдайды қылмыс деп айтуымыз керек. Бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі. Ең алдымен Мемлекет басшысы ретінде айтарым, қайғылы жағдайға жол берген әскери қызметшілер лауазымы, шеніне қарамастан жауапқа тартылады. Заң бойынша қатаң жазасын алады.

Оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, атап айтқанда арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегені белгілі болды. Бұл – ажалдың апанына айдап апарғанмен бірдей. Осыны меңзеген Мемлекет басшысы әскери элитаның немқұрайлығын аяусыз сынға алып, теңіз күштерінің жіберген қателіктерін тізбектеп көрсетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өткізілген оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да ақылға қонымсыз. Түсініксіз. Әскери қызметшілерді теңізден жағалауға түсіретін дәл осындай жаттығу не үшін, осындай жаттығу өткізу не үшін қажет болды? Әрбір оқу-жаттығудың барлық сын-қатерлері міндетті түрде ескерілуі керек. Ал бұл жағдайда сарбаздарды қайда? Не үшін? Қандай әскери жағдайда теңіз жағасына түсіру көзделді? Бұл үлкен сұрақ!

Енді адам өміріне атүсті қарап, қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол берген тұлғалардың әрекетіне Үкіметтік комиссия баға береді. Президенттің пайымынша, қазір әскерді дамытудың заманауи тетіктері қажет. Осы орайда, ол қазақ армиясына цифрлық трансформация жүргізуді, адамды технологиямен алмастыруды тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа тағайындалған Қорғаныс министріне бірқатар маңызды міндет жүктеді.

Атап айтқанда, бұл – қазынадан бөлінген қаражатты тиімді басқару, заманауи қауіп-қатерлерді ескеріп, Қарулы Күштерді реформалау, әскер қатарындағы идеология және тәрбие жұмысын күшейту мәселелері.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл оқиға қорғаныс саласының басқару жүйесінде, әскери тәртіпті қамтамасыз ету ісінде олқылықтар өте көп екенін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді.

Президент Қарулы күштер саласындағы реформа қағаз бетіндегі құрғақ жоспар болып қалмай, нақты әрі кезең-кезеңімен іске асуы тиіс екенін шегелеп айтты. Армияның бет-бейнесін өзгертетін бұл тұжырымдама қазан айының екінші жартысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында талқыланбақ.

← Барлық жаңалықтар