Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Каспийдегі қаза: жағдай Президенттің тікелей бақылауында

Қорғаныс министрлігіндегі аудиттің алғашқы нәтижесі бір аптада, әскери реформа жоспары 10 күнде дайын болуға тиіс. Вице-президент сарбаздардың қазасына байланысты қолға алынған кешенді жұмыстарға тоқталып, желідегі парақшасында жазба қалдырды. Ерлан Қариннің айтуынша, қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырған жағдайды жан-жақты әрі объективті тергеу жөніндегі шараларды Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей бақылауына алған. Сонымен қатар зардап шеккендерге көмек көрсету мәселесі де Мемлекет басшысының назарында. Қазір құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап кеткен.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр және Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар және басқа да азаматтар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қысқа мерзім ішінде қаражат жинау ісінің жедел әрі ашық жүргізілуін қамтамасыз ететін арнайы қор құрылды. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын қоғамдық комиссия жасақталды.

Комиссияның негізгі міндеті – жиналған қайырымдылық қаражатын әділ әрі ашық бөлуді қамтамасыз ету. Жұртшылықтың барлық шаралар туралы уақтылы әрі ашық ақпарат алуы қамтамасыз етіледі, – деді Ерлан Қарин.

← Барлық жаңалықтар