Бурабайда түркі әлемінің тарихы талқыланды. Халықаралық конференцияға 12 елден танымал ғалымдар, тарихшылар мен археологтар жиналды. Бұған дейін тек Ресейде ұйымдастырылып келген алқалы жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл алғаш рет біздің елде болып жатыр.
РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:
Көкше жерінде «Өр Алтай – түркілердің атамекені» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Арқаның ажары саналатын бұл өңір бүгін туыстас түркі халықтарының ортақ тарихы мен рухани тамырын түгендейтін алқалы жиынның орталығына айналып отыр. Аталған шараға отандық және шетелдік тарихшылар, археологтар, түркітанушы ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.
Пленарлық және секциялық отырыстарға 12 елден келген ғалымдар қатысты. Олар Ботай мәдениетінің феноменін, Батыс Түрік пен Хазар қағанаттарының сабақтастығын, сондай-ақ өңірдегі археологиялық жәдігерлер жайлы ой толғап, білген-түйгендерін ортаға салды. Бұдан бөлек, Алтын Орда мұрасы мен түркі тілдерінің даму заңдылықтары да назардан тыс қалмады.
МИХАИЛ МЯГКОВ, РЕСЕЙ ӘСКЕРИ-ТАРИХИ ҚОҒАМЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ежелгі қорғандар, тұрақтар мен қалашықтардың барлығы бүгінде археологтардың зерттеу нысанына айналды. Бірақ біз тек көне тарихқа ғана емес, кейінгі кезеңдерге де назар аударуымыз керек. Түркілердің ата жұрты Алтайда болған. Кейін олар Орта Азияға, шығысқа, батысқа және солтүстікке тарады. Түркі әлемі – өте ауқымды.
Ал Германиядан келген белгілі лингвист Марсель Эрдаль жойылудың аз-ақ алдында тұрған сирек түркі тілі туралы баяндама жасады. Ғалымдар мұндай тілдерді зерттеп, сақтап қалу маңызды екенін айтады.
АРСЛАН КОЙЧИЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Чалканду – әлемдегі, соның ішінде Ресейдегі саны ең аз халықтардың бірі. Олар да біздің көз алдымызда жойылып барады. Чалканды тілдерінің бірі өте көне. Онда көне түркі тілінің белгілері әлі де сақталған. Бұл тілдің өзге түркі тілдерімен байланысы бар.
Өр Алтай – жай ғана географиялық атау емес. Бұл ұғым Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия шекаралары түйісетін таулы өңір. Ғалымдардың айтуынша, бұл аймақтың тарихи-мәдени мұрасын бірлесе зерттеу маңызды.
ЕРКІН ӘБІЛ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Негізінде Алтай тақырыбы бірнеше халықты біріктіреді. Қазақстан мен Ресей емес. Сонымен бірге Қырғызстан, Моңғолия, Қытай. Өр Алтай расында да моңғол-түрік халықтарының тарихи бесігі деп айтуға болады. Шыққан жері.
Алқалы жиын қорытылғасын, ортақ қарар қабылданды. Тараптар түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын бірлесіп зерттеуге келісті. Енді ғалымдар халықаралық экспедицияларға шығып, конференция материалдарын арнайы жинақ ретінде басып шығармақ. Бұл қадам көне құндылықтарды қайта жаңғыртуға серпін береді дейді мамандар.