Мазмұнға өту
· 13 қаралым

ЖИ колледждерге жаңа мүмкіндік ашады

Елордада білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізудің жаңа мүмкіндіктері талқыланды. Елордалық колледждің базасында өткен «Кәсіптік білім беруге жасанды интеллектіні енгізудің 1000 идеясы» атты республикалық конференцияға еліміздің әр өңірінен мамандар жиналды. Басқосуда ұстаздар өзара тәжірибе алмасып, заман көшінен қалмай, жаңа технологияны меңгерудің маңыздылығын пысықтады. Әсіресе сабақты қызықты өткізу, тәжірибелік машықты шыңдау және практикалық даярлықты жетілдіруге басымдық берді.

МАЙРА СЕМБИНА, «ASTANA POLYTECHNIC» ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үлкен цифрлық орта болғандықтан, студенттерге заманауи білім беру өте маңызды. Педагогтер осы заманауи білім берудің әртүрлі құралдарын пайдалануы керек. Сонымен қоса ЖИ. Көптеген мамандықтарда ЖИ көмегімен кейбір міндеттер атқарылады. Сондықтан да осыны дұрыс қолдана білу, осыны пайдалана білу – біздің педагогтердің алдында тұрған нақты мақсат.

Жан-жақтан жиналған мамандар жасанды интеллектіні оқу үдерісінде қолданудың тиімді жолдарын ұсынып, өздері әзірлеген инновациялық жобаларын таныстырды. Олар бүгінгі қоғамның сұранысына сай жаңа технологиялардың көмегімен сабақтың мазмұнын түрлендіру, күрделі тақырыптарды жеңіл түсіндіру бойынша идеяларын ортаға салды.

АРАЙЛЫМ КАЛИЕВА, ТАЛДЫҚОРҒАН ЖОҒАРЫ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

Біздің идеямыз – колледждің виртуалды ортасы және VR оқыту тренажері. Бұл жобамызда біз студенттерді кітаппен емес, тек виртуалды ортада тәжірибе жасауға үйретеміз. Оқуға деген құштарлығы арта түседі. Өйткені ол жерде, мысалы, өздеріңіз көзілдірікті тағып, 3D, 5D-ға барасыздар ғой, тура сол сияқты бұл нәрсені біз кәсіптік бағдар беру ретінде ұсынып отырмыз.

← Барлық жаңалықтар