Елімізде жылдың үздік он оқырманын анықтайтын «Кітап оқитын ұлт» жобасына биыл қызығушылық жоғары.
Мысалы, былтыр 190 мың адам қатысқан марафонға биыл 1 миллионнан аса оқырман тіркелген. Кітаптар тізімі де кеңейтіліпті. Науқанға қатысушылар жеті бағыттың бірін таңдап, алдағы алты айда соған қатысты 15 кітап оқуға тиіс. Сосын сол туындылар бойынша өңірлік және республикалық кезеңдерде түрлі тапсырмаларды орындайды. Осылай кіл жүйріктердің арасынан ең үздік 10 оқырман анықталады.
Айзада Құрманова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы:
Әр өңірден іріктелген 10 үздік оқырман республикалық финалға жолдама алады. Осылайша 20 өңірден 200 қатысушы финалға шығады. Екінші кезең — 23 сәуірге дейін өтетін республикалық финал. Онда қатысушылар бетпе-бет сұхбат пен көпшілік алдында сөз сөйлеу арқылы білімін, ойлау тереңдігін және оқығанын талдау қабілетін көрсетеді. Республикалық комиссия қорытынды бойынша еліміздің 10 үздік оқырманын анықтайды. Оларға «Жыл оқырманы» атағы беріліп, әрқайсысына 10 миллион теңге сыйақы табысталады.
Маржан Нүсіпбек