Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Бала қауіпсіздігі – басты назарда!

Қазір бесіктен белі шықпай жатып балабақшадағы балаңа «буллингтің», мектептегі қызыңа «груминг» пен «сталкингтің» не екенін, ал колледжде оқитын ұл-қызыңа «дропперліктен» қашық бол дейтін уақыт. Әйтпесе елең-алаң заманда алданып қалатындар көп. Осыны ескеріп, Оқу-ағарту министрлігі қауіпсіздік сабақтарының мазмұнын жаңартты. Тақырыптарды да ЮНИСЕФ-пен бірлесіп әзірлеген. Дәрістер қалай өтіп жатыр?

«Таңшолпанның» төрт жастағы тәрбиеленушілері тақылдап тұр. Кішкентайынан қауіпсіздіктің не екенін құлақтарына құйып өсіп жатқан ұрпақ. Сабақ мазмұны балалардың жас ерекшелігіне қарай лайықталған. Бүлдіршіндер бейтаныс адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керек, адасып қалса не істеу керектігін балабақшада үйренеді. Одан бөлек, жол ережесін де меңгертеді. Бағдаршамның түсін ажыратудан бастап, жаяу жүргіншінің жолдан өтуін де ойын түрінде көрсетіп жатыр.

Айналасын енді танып бастаған төрт-бес жастағы балаға әр адамның жеке шекарасы болатынын да осы жерде үйретіп жатыр.

ГҮЛМИРА ТӨРЕБЕКОВА, ТӘРБИЕШІ:

Буллинг жайлы болсақ, балалар бір-бірімен ойыншыққа таласып қалған кезде, мысалы, бір-біріңді ұрмаңдар, кезекпен ойнаңдар, бір-біріңе жаман сөз айтуға болмайды, солай дос болуға үйретеміз.

Баланың жасына сай қауіпсіздік сабақтары да күрделене береді. Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің арасында дропперлік пен «оңай ақша», қаржы алаяқтығы, сталкинг пен манипуляция секілді ұғымдарды ажырата білуді үйретеді.

ГҮЛДЕРАЙ ЖҰМАҒАЗЫ, АҚТӨБЕ ЖОҒАРЫ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

Білім министрінің ұсынысымен жаңа терминдер, өзіңіз айтқандай, жаңа ұғымдар пайда болды. Соларды балаларға тәрбие сағатында түсіндіріп, оның не екенін, ондай жағдайға кездескен уақытта артында қандай жауапкершілік бар – осыны жалпы студенттерге түсіндіретін боламыз. Бұл негізі тек қана бірінші курсқа ғана емес, төртінші курс аралығында міндетті түрде тәрбие сағаты жоспарлы түрде өтеді.

Мұндай дәріс өздеріне қажет екенін студенттер де түсінеді. Әйтпесе әлеуметтік желіні ашып қалсаң, оңай ақша тауып, рахат өмір сүруге шақырып тұрған сілтеменің арасында адасу оп-оңай.

ДИЛЬНАЗ КЕНЕГЕСОВА, СТУДЕНТ:

Онлайн ойындар, сонымен қатар таныс емес адамдарға жауап беру, яғни Telegram-да көптеген сілтемелер жіберсе, соған өту. Олардың айтуы бойынша, бізге жазсаңдар немесе бізге каналға тіркелсеңіздер, жұмыс, оңай ақша табуды үйретеміз дейді. Тәрбие сағаттарымызда осы мәселелерден қалай алшақ болуға және қалай өзімізді сақтап қалуға болатынын көрсетеді.

Мұндай сабақтар барлық оқу орындарында бар. Апта сайын сынып немесе кураторлық сағат аясында 10 минуттан өткізіледі. Құр теория жүзінде айтып ғана қоймай, практикалық жағына да ден қойған. Дәріс үстінде нақты кейстерді талдап, талқыға салады.

← Барлық жаңалықтар