Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Қазан тумай жатып қазандықтар іске қосылды

Биыл теріскей мен шығысқа қара суық ерте түсті. Қазан тумай жатып осы аймақтарда қазандықтар іске қосылып, жылу бере бастады. Атап айтқанда, бұл Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Риддер қаласы. Ал осы аптаның соңына дейін тағы бес өңірде тұрғын үйлердің батареялары жылымақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі мәлімдеді.

ҚАЙЫРХАН ТҰТҚЫШБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Ауа райы көрсеткіштеріне қарай осы аптаның соңына дейін тағы бес өңірде – Астана қаласында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында жылыту маусымының басталуы күтілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Аймақ басшылары нысандардың дайындығын жеделдетіп, қажетті құжаттарды тапсырып үлгеруі тиіс. Үкімет басшысы Олжас Бектенов үйлестіру жұмыстарын бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жекелеген облыстарда жылу беру маусымының санаулы күндері қалды. Әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға, балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуге тиіс. Жылыту маусымын уақытылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет.

← Барлық жаңалықтар