Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Әл-Фарабидегі апат: полицей сотталды

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты тағы бір сот үкімі шықты. «Қызмет барысында әрекетсіздік танытты» деп айыпталған бұрынғы полиция қызметкері 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасарының жүргізушісі болған. Сот мәліметінше, экс-тәртіп сақшысы досының мас күйінде рөлге отырғанын және көлікті қауіпті айдағанын біле тұра, ешқандай шара қолданбаған.

ЖАСҰЛАН ҚҰСАЙЫНОВ, №2 МЕДЕУ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Сотталушы Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің бірінші тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі болып белгіленсін. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылсын.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған қайғылы оқиға биыл 21 наурызға қараған түні болған еді. Әл-Фараби мен Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында жүйіткіген қытайлық автокөлік қарсы бағытқа шығып кетіп, «Мерседеске» соғылған. Салдарынан өз жолымен келе жатқан машинаның 29 жастағы жүргізушісі мен жиырма және жиырма үш жастағы екі бойжеткен оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал сараптамада «Зикр» тізгініндегі Александр Пактың рөлге мас күйінде отырғаны дәлелденіп, ол он жылға сотталды. Осы оқиғадан кейін Алматы полициясының бірқатар лауазымды тұлғалары да қызметінен қуылды.

← Барлық жаңалықтар