Астанада 16 жерден пышақталып, асқан айуандықпен өлтірілген әйелдің қазасынан кейін төрт экс-полицей ұсталып, қамалды. Қолына кісен салынғандардың ішінде бір тергеуші мен үш учаскелік инспектор бар. Дереккөзге жүгінсек, марқұм әйел бұл жағдайға дейін бірнеше рет шағымданып, «бұрынғы күйеуім қыр соңымнан қалмай, мазамды алып жүр» деп арызданған екен. Бірақ оның жанайқайына тәртіп сақшылары көз жұма қараған көрінеді, тіпті арызын да қабылдамапты. Бұдан бөлек, осы қылмыстан соң екі аудандық полиция басқармасының бастықтары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ қалалық полиция департаменті бастығының бір орынбасары қызметінен босатылды. Департамент жетекшісі мен орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫНАН:
Елорданың 30 жастағы тұрғынын өлтіру ісі бойынша полиция тарапынан қатаң шаралар қабылдануда. Бұған дейін хабарланғандай, күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда. Жасаған қылмысы үшін ол заң алдында қатаң жауап береді. Істің тергелу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында.
Айта кетейік, сұмдық жағдай 23 қыркүйек күні кешкісін болған еді. Қолына пышақ ала жүгірген қаскөй көлікте отырған бұрынғы жұбайына тап беріп, 16 жерден пышақ сұққан. 30 жастағы келіншек сол жерде көз жұмды.