Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Қаңғыбас иттер қан қақсатуда

Жамбылда қаптаған қаңғыбас иттер қой-ешкіні қырып жатыр. Қора-қопсыны торуылдаған төбеттер соңғы алты айда 150-ге жуық төрт түлікке ауыз салған. Ал бір ғана тәуліктің өзінде 15 қойдың тамағын орып, құйрықтарын жұлып алыпты.

Түркісіб алабындағы әлеуметтің мазасы қашқалы биыл үш жыл. Соңғы алты айда тіпті тұрғындар қанып ұйықтаудан қалған. Үйірімен топтасып жүретін қаңғыбас иттер адам біткенді аңдып, қит етсе қора-қопсыға тап береді. Қойдың маңыраған дыбысы шықпаған соң, жұрт төрт түлікке ауыз салғанын аңғармай қаламыз дейді.

ФАРИЗА СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бара жатқан кезде иттердің барлығы жүгіріп шықты. Жүгіріп барғанымша екі қозы жанында қой жатыр. Екі қозының мойнын қайырып, сындырып тастаған. Ал дәу қойдың аяғын, құйрығын жеп қойған.

ЕРНАР ҚЫРҒЫЗБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Алдыңғы күні әшейін көзбе-көз арғы жақта бір қойшының малын қуалап, оған да шабуыл жасаған иттер. Иттің бәрін құртса екен. Енді мынау бала-шағамыз көп, құдайға шүкір. Көшемізде соларға шаппаса.

Әлеумет жыртқыштан бетер иттерді тырқыратып қуғанымызбен, қас қарайса болды қайта келіп алады дейді. Олар алдымен ұсақ малдың тамағынан талап, жаны шыққаннан кейін құйрыққа жабысады екен.

Жібек жолы ауданының әкімдігі қаңғыбас иттер шабуыл жасаған ұсақ малдардың етін жергілікті тұрғындарға жеуге тыйым салды. Айтуларынша, қазір өлген үй жануарларынан сынама алынып жатыр. Ит аулаушы мекеме болса, осы оқиғадан кейін 10-ын ұстапты. Ал аудан билігі қой шығынына қатысты ешқандай өтемақы төленбейді деп отыр.

ДИАС ӘЖІМАН, ЖІБЕК ЖОЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұған дейін де ауланды, атап өттім ғой сізге. Өткен аптаның көлемінде осы аумақтан 26 ит ауланды. Жабайы ит. Енді бұл жерде тұрғындардың жіберу фактілері бар.

Әкімдіктің мәліметінше, бір айда аудан көлемінде 200 ит ауланған. Алайда бұл дерекке тұрғындар сенімсіздік танытты. Өйткені көшеде не көп, қаңғыған салпаңқұлақтар, қорада қансыраған қой көп.

← Барлық жаңалықтар