Тағы бір жанның ажалы жарынан келді. Шымкентте әйел адам күйеуін пышақтап өлтіріп қойды. Жүрек сыздатар оқиға қаладағы жалдамалы жер үйде болған. Нені келісе алмағандарын кім білсін, ерлі-зайыптылар ит пен мысықша ырылдасып, әбден бет жыртысқан көрінеді. Жанжал кезінде 27 жастағы келіншек жұбайына суық қару сұғып алып, соқталдай еркек сол жерде жантәсілім еткен. Ал көршілері қатты бір айқай-шуды естімедік дейді. Бұл отбасы ел қатарлы қоңыр тіршілік кешіпті.
КӨРШІСІ:
Көріп тұрамыз, қыздарын да танимыз. Келіншектің өзін де танимын, жұбайын көрмегенмін. Машинасымен келіп жатқанын, кетіп жатқанын көретінбіз. Бірақ келіншек жақсы келіншек. Намаз оқитын, екі қыздың анасы.
Осы қанды оқиғадан соң әлі мектеп табалдырығын атамаған екі қыз тірі жетім болып қалды. Ал күдікті ұсталып, қамалған. Полицейлер қылмыстың жай-жапсарын анықтап жатырмыз дейді.
БАҒЛАН МЫРЗАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мен әйел адам арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал туындап, нәтижесінде ер адам пышақ жарақатын алған. Ер адам оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.